Актерлар құрамы жасақталып, түсірілім басталып кеткен
Қырғызстан тарихында бокстан алғашқы Олимпиада жүлдегері атанған Мунарбек Сейітбекұлы туралы фильм түсіріліп жатыр. Бұл туралы боксшының жеке менеджері 1bol.kz тілшісіне берген сұхбатында хабарлады.
Айта кетейік, бұған дейін Мунарбекке мемлекеттік наградалар табысталып, бағалы сыйлықтар тарту етілді. Енді қырғыз спортының тарихына өз есімін алтын әріппен жазған боксшы туралы фильм түсіріледі.
«Мунарбекке арналған фильмнің түсірілімі басталып кетті. Киноға түсетін актерлар құрамы да анықталды. Осы жоба аясында боксшы ешқандай БАҚ-қа сұхбат бере алмайды, келісімшартта солай көрсетілген. Сондықтан фильмнің не туралы болатынын әзірге айта алмаймыз», - деді менеджер.
Айта кетейік, толықметражды киноны «Қырғызфильм» ұлттық киностудиясы түсіріп жатыр.
Мунарбек Сейітбекұлы 2024 жылы Париж Олимпиадасында финалға дейін жетіп, күміс жүлдеге ие болған. Финалда ол өзбек боксшысынан жеңілді.