«Адамның ақылына қонбайды»: Жекпе-жегі өтпей қалған Мұхит Амантаев Зия Алиевті айыптады

Редактор
04.06.2025, 16:55

Ол бұл айқасқа ұзақ дайындалғанын, сол үшін біраз құрбандыққа барғанын тілге тиек етті

Видеодан кадр

Ардагер боксшы Мұхит Амантаев 6 маусымда Әнуарбек «Мотиватормен» жекпе-жегі неліктен өтпейтінін түсіндірді.

Оның сөзінше, бұл кешті ұйымдастыруды мойнына алған «ALL STARS BOXING» промоутерлік компаниясының басшысы өз міндетін атқара алмайтынын алға тартқан.

«4 маусым күні баспасөз конференциясы өтуі керек еді. Алматыға екі күн бұрын келіп жаттығуға кірістім. Ал 3 маусым күні «ALL STARS BOXING» промоутерлік компаниясының басшысы Зия Алиев маған хабарласып, «Мұхит, мен саған сыйақыңды бере алмаймын. Сенің ғана емес, сол кеште өнер көрсететін ешбір боксшының сыйақысын бере алмаймын. Сыйақының ақшасын шығара алмай жатырмын» деді. Мен аң-таңмын. Осындай үлкен бокс кешін ұйымдастыратын кезде, бәрі алдын ала жоспарлануы керек емес пе?! Бұл не сөз? Сондықтан кеше Зияға қатты ашуландым. Шамам жеткенше сабыр сақтауға тырысып жатырмын», - деді Амантаев.

Ол бұл айқасқа ұзақ дайындалғанын, сол үшін біраз құрбандыққа барғанын тілге тиек етті.

«Наурыз, сәуір және мамыр айларында толық дайындалдық. Осы уақыт аралығында денсаулығым да, уақытым да кетті. Миллиондаған ақша жұмсадым. Бала-шағамды көрмей, отбасымнан жырақта, кәдімгідей кәсіби түрде жаттығу жасадым. Жүйке жүйем тозды. Дәл қазір әрең шыдап отырмын.

Қарсылас ауырып қалса, түсінемін, спортта ондай болып тұрады. Ал үлкен промоутерлік компанияның басшысы екі-үш күн қалғанда «жарыс болмайды» деп айтқаны адамның ақылына қонбайды», - деп ашуланды ол.

Мұхиттың сөзіне қарағанда, ол сыйақысыз-ақ шаршы алаңға шығуға дайын болған.

«Ол маған әлгі хабарды жеткізгенде, «жарты сағаттан соң өзім хабарласамын, ойлануым керек» дедім. Өзім қайта телефон соғып, «ақшасыз-ақ шығамын, бұл ар-ожданның ісі» деп айттым. Себебі осы уақыт аралығында маған қаржылай көмектескен, қолдап-қуаттаған қаншама ағамыз, бауырымыз болды. Басқа елдерден келе жатқан көрермен болды. Жергілікті жанкүйерлер бар. Солардың алдында ұят болмасын дедім. «Ойланайын» деді. Ол екі сағаттан соң қайта қоңырау шалып, «Әнуарбек те, мен де бұған келісе алмаймыз. Мұның бәрін ұйымдастыру қолымнан келмейді» деп ашығын айтты. Мен не болып жатқанын түсіне алар емеспін», - деді Амантаев.

Материалда: