World Boxing Иман Хелифтен кешірім сұрады

04.06.2025, 16:59

Боксшы қыз өзінің жеке мәліметтерінің жариялануына наразылық білдірді

World Boxing Иман Хелифтен кешірім сұрады
Richard Pelham / Stringer / Getty Images Sport

World Boxing басшысы Борис ван дер Ворст алжирлік боксшы Иман Хелифтен жеке деректерінің БАҚ-та жарияланып кетуіне байланысты кешірім сұрады.

Еске сала кетейік, әуесқой бокс жарыстарын реттейтін халықаралық ұйым Иман Хелифтің жынысқа қатысты тестілеуден өте алмағанын алға тартып, оны алдағы жарыстарға қатыстырмайтынын мәлімдеген.

Боксшы қыз өзінің жеке мәліметтерінің жариялануына наразылық білдіріп, осыдан кейін World Boxing ұйымы ресми түрде кешірім сұрады.

«Осы жағдай үшін ресми әрі шын жүректен кешірім сұрағым келеді. Сіздің құпиялығыңыздың қорғалуы тиіс екенін мойындаймын», – делінген World Boxing ұйымының басшысы Алжир бокс федерациясына жолдаған хатында.

Ал хат мәтінін Marca басылымы жариялады.

Алайда World Boxing ұйымы Иман Хелифке өз қамқорлығындағы жарыстарға қатысуға рұқсат бермеу туралы шешімін өзгертпеген.

Айта кетейік, 2025 жылдың мамырында WB Атқарушы кеңесі жыныстық сәйкестікке байланысты қатысу талаптарын жаңартқан. Жаңа ережеге сәйкес, егер спортшының жынысына қатысты күмән туындаса және оны федерация немесе World Boxing растаса, мәселе шешілгенге дейін спортшы жарыстарға қатыса алмайды.

Естеріңізде болса, 2023 жылы Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) Хелифті гендерлік тестілеуден өте алмағаны үшін әлем чемпионатына қатыстырмаған еді. Бірақ кейіннен IBA-ның Олимпиадаға әсер ету құзыреті болмағандықтан, Иман Хелиф Олимпиадаға қатысуға жолдама алып, чемпион атанды.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам