
Екінші орта салмақтағы барлық негізгі чемпиондық белбеулер «Канело» Альвареске тиесілі
Орта салмақта WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы, доминикандық боксшы Карлос Адамес өзін өз салмағында ғана емес, бір салмақ жоғары дивизионның да үздігі деп санайтынын айтты.
Айта кетсек, екінші орта салмақтағы барлық негізгі чемпиондық белбеулер мексикалық Сауль «Канело» Альвареске тиесілі.
«Шаршы алаңға жиі шығып жүрген жоқпын, дәл осы жайт мені тежеп тұр. Соңғы айларда бірнеше жекпе-жекті қарап, өзімнің орта және екінші орта салмақтарда өзгелерден әлдеқайда мықты екенімді аңғардым. Мен осы екі дивизионда да үздікпін, бұл – даусыз шындық», – деп жазды Карлос Адамес әлеуметтік желідегі парақшасында.
Адамес екінші орта салмақтың көшбасшысына айналған «Канело» Альвареске қатысты да ойын ортаға салды:
«Канелоның» шарықтаған кезеңі болды, бірақ қазір оның рингтегі өнері менің деңгейімнен әлдеқайда төмен. Оның боксы нашар, қимылы баяу, әрі өзі менен кіші. Мені жеңетіндей қандай артықшыылығы бар? Ондайы жоқ. Көпшілік сенбесе де, менің ойым осы», – деді Адамес.
Айта кетейік, орта салмақта WBO және IBF белбеулеріне қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы иелік етеді. «Қазақ стилі» бірнеше рет Карлос Адаместі жекпе-жекке шақырып, Адаместің рингке шығуға қорқатынын мәлімдеген болатын.