«Каспий» клубы үш айда 600 млн жаратты: команда жарты жылдың бюджетін үш айда тауысқан

Редактор
16.04.2024, 16:29

Әкімдік қосымша демеуші іздеуде

caspiyfc.kz

Ақтау қаласының тұрғыны облыс әкімінің Тelegram-каналына арыз жазып, «Каспий» футбол клубы небәрі 3 айда 600 млн теңге жаратқанын айтты. Оның сөзінше, тағы үш айда клубтың жылдық бюджеті таусылады.

Шағымданушы ер адамның пікірінше, «Каспийдің» негізгі бюджеті таусылған соң олар жергілікті әкімдіктен тағы ақша алады.

«Футбол клубына мұншама қаражатты берудің не қажеті бар? Клуб небәрі үш айда 600 млн теңге жаратты. Тағы үш айда ақшасы бітеді. Қалған алты айда олар не істейді, тағы ақша бөлеміз бе?» - деп сұрады Ақтау тұрғыны облыс әкімінен.

Облыс әкімінің орнына бұл сауалға облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы жауап берді.

«2024 жылы түзілген екіжақты келісімшарта Маңғыстау облысының әкімдігі «Каспий» кәсіби футбол клубына қосымша қаражат бермейтіні көрсетілген. Сондықтан клуб 2024 жылға бөлінген қаражат аясында жұмыс істеп жатыр және қосымша қаржыландыру сұрап жатқан жоқ. Қазіргі таңда қосымша серіктестер мен демеушілер тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деп мәлімдеді клубтың баспасөз қызметі.

Материалда: