Еуро-2024: Португалия 8 жыл бұрынғы жетістігін қайталай ала ма?

08.06.2024, 12:58

Әлемдік мундиаль немесе Еупрпа чемпионатының финалдық кезеңі қарсаңында бұл Криштиану Роналдудың соңғы мүмкіндігі деп жатамыз. Бірақ 39 жастағы португалиялық футболшы әзірге карьерасын аяқтайтын түрі жоқ. Осы жолы өзінің алтыншы Еуропа чемпионатына барады.

1bol.kz

Неміс жерінде өтетін мұндай жарыс Роналду үшін аса таңсық емес. Осыдан 18 жыл бұрын Германиядағы әлем чемпионатына да қатысқан. Сол кезде жартылай финалға дейін жеткен. Бұл жолғы мақсат түсінікті. Пиреней  түбегінің құрамасы екі дүркін Еуропа чемпионы болғысы келеді. Оған команданың шамасы да жететді. Қазір Португалия футболшылары Еуропада атой салып жүр. Енді бастары бірігіп, командалық ойын құра алса, жолында кездескен командалардың біразын алып ұлары сөзсіз. Ол жағы бас бапкер, испаниялық маманы Роберто Мартинеске де сын болғалы тұр.

Осы ретте біз ЕУРО-2024 күнделігінің кезекті шығарылымын Криштиану Роналду бастаған Португалия құрамасына арнаймыз.

Алдымен, өткен тарихқа аз-кем шегініс жасап көрсек. Италия, Германия сияқты емес, Португалия футболына жұрттың назары тек өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап қана назар аудара бастады. Венгриялық маман Бела Гуттманн жаттықтырған «Бенфика»  1961 және 1962 жылдары қатарынан екі рет UEFA-ның Чемпиондар кубогын ұтып алды. Лиссабон клубының қарқынына сол кезде, тіпті, Мадридтің «Реалының» өзі қарсы тұра алмады. Дүниежүзі Эйсебио, Жозе Агуаш, Жозе Аугушту, Алберту да Перейра, Антониу Симойнш, Мариу Колуна секілді футболшылардың өнеріне тәнті болды. Осылардың барлығы сол кезде Португалия құрамасында ойнады. Команданың басты жұлдызы осы мемлекеттің Африкадағы бұрынғы отары – Мозамбиктен шыққан «қара маржан» Эйсебио болатын. Дәл осы футболшының арқасында Португалия тұңғыш рет 1966 жылғы әлем біріншілігіне жолдама алды.

Тұманды Альбион дағы әлем чемпионатында Пиреней түбегінен келген құрама үшінші орын алды. 9 доп соққан Эйсебио біріншіліктің ең үздік сұрмергені атанды.  Эйсебио өзінің спорттық ғұмырын аяқтаған соң Португалия футболы біразға дейін дағдарып қалды. Ел футболының екінші мәрте серпілуі 80 жылдарға тұспа-тұс келді. 1984 жылы алғаш рет құрлық біріншілігіне қатысты. Франция жасыл алаңдарында «Еуропаның Бразилиясы» атанған құрама жартылай финалға дейін алқынбай жетті. Оларды сол кезде тек алаң иелері ғана тоқтата алды. Аса тартысты өткен кездесудің 119-минутында турнирдің үздік ойыншысы атанған Мишель Платини гол соғып, Францияға жеңіс сыйлады. Порутугалдықтар қола жүлдеге қол созды.

Ал 90-жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басындағы Португалияны футбол жанкүйерлері «алтын буын» деп атайды. Осы жылдары бұл елдің құрамасы әдемі ойын өрнегін көрсетіп, футбол жанкүйерлерін тамсандырды. Эйсебиоден кейін Португалия тарихында екінші рет «алтын доп» алған Луиш Фигудың жұлдызы жарқырады. Одан бөлек, Паулета, Руй Кошта, Нуну Гомеш, Деку секілді футболшылар өз шеберліктерімен көзге түсті.

Жаңа ғасырдың алғашқы жылы Бельгия мен Нидерландыда өткен құрлық біріншілігінде оларды жартылай финалда тағы да Франция тоқтатты. Оған дейін Фигу бастаған жігіттер қарсыластарын бірінен соң бірін ұтып келе жатқан. Жалпы, Португалия үшін Франция өте ыңғайсыз қарсылас. «Үш жолақты» елдің құрамасы пиренейліктерді 1984, 2000, 2006 жылдары үш ірі турнирдің жартылай финалында жарыстан шығарған екен. Бір қызығы, үш кездесуде де матч тағдырын Францияның жұлдыздары шешкен. Алғашқысында Платини болса, кейінгі екеуінде Зиданның пенальтиден соққан голдары жеңіс добы болды.

Фигу кеткеннен кейін құраманы Криштиану Роналду өрге сүйрей бастады. Бес рет «Алтын допқа» ие болған әлемнің үздік ойыншысы құрама сапында 2003 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Осыған дейін бес рет Еуропа чемпионатына қатысқан. Биыл алтыншысына бара жатыр. Бұл жаңа рекорд.

2016 жылы Франциядағы Еуропа чемпионатында Фигу, Руй Коштаның қолы жетпеген Еуропа чемпионатын Роналду және оның әріптестері жеңіп алды.

Роналду – Португалия тарихындағы ең көп ойын өткізген ойыншы және үздік мерген. Ол осыған дейін 205 матч өткізіп, 128 гол соққан.

Көпшілік Роналду мен Месси әлем чемпионы атана алмай, футбол сахнасынан кете ме деп жүр еді. Месси 2022 жылы Аргентинамен мундиальда топ жарды. Роналду ең болмаса – екі дүркін Еуропа чемпионы атанғысы келеді. Оның қасында сенім серіктестері бар. Қақпада «Портудағы» Дигоу Кошта, қорғанысты «Барселона», «Манчестер Сити», ПСЖ секілді  әлемнің топ командаларының қорғаушылары Жоау Канселу, Рубен Диаш, Данилу Перейра, Нуну Мендеш күзетеді. Айтпақшы, Криштиану Роналдудан да үлкен 41 жастағы Пепе де Еуропа чемпионатына бара жатыр.

Шабуылдағы Криштиануға пас шығаратындар – негізінен қос «Манчестердің» үздік ойыншыларының бірі –  Бруну Фернандеш пен Бернардо Силва болмақ. Ал қаптал арқылы кез келген қарсыластың қорғаушыларының екі аяғын бір етікке тығатын Рафаэл Леау, Диогу Жота, Жоау Феликс те қазір бабында. Бенфикадан ПСЖ-ға ауысқан орталық шабуылшы Гонсалу Рамуш шаршағанда Роналду алмастыратын басты ойыншы.

Португалия топтық кезеңде Түркия, Грузия, Чехия құрамаларымен бір топқа түскен. Мұндай топ 2008 жылы да болған. Бірақ ол кезде Грузияның орнында Швейцария болған. Мамандар, сарапшылар Роберто Мартинес шәкірттері топтан қиналмай, бірінші орынмен шығады деген болжам жасады. Ал одан кейінгі мүмкіндіктерін қалай болатынын әзірге ешкім бағамдай алмайды. Дегенмен, Португалия Еуропа чемпионатын ұтуға шамасы жетеді дейтін бес құраманың қатарында бар.

Сөз басында бұл Роналдудың соңғы Еуропа чемпионаты болуы мүмкін екенін айтып қалдық. Сіздердің ойларыңыз қалай? 39 жастағы «Әл-Наср» биыл Еуропа чемпионатын жеңсе, құрамасын карьерасын аяқтауы мүмкін бе? Португалияның мүмкіндігін қалай бағалайсыздар? Пиреней түбегінің футболшылары қай жерге дейін жете алады? Міндетті түрде арнаға тіркеліп, өз болжамдарыңызды пікірге жазыңыздар.