Жзанкүйерлер оны әлеуметтік желіде қатаң сынап, тіпті балағаттаған
Футболдан Қазақстан құрамасы жолдастық кездесуде Армениядан жеңіліп қалғаннан кейін команданың кейір ойыншылары жанкүйерлер тарапынан сын астында қалды. Солардың бірі – шабуылшы Эльхан Астанов. Ол бірінші таймда гол соғатын мүмкіндікті пайдалана алмай қалған.
Атап айтқанда, Максим Самородовтың қапталдан шығарған пасына Эльханның аяғы жетпей қалды. Әлеуметтік желіде осы жайтқа байланысты сын айтқандар көп. Кейін белгілі болғандай, доп Эльханға жетпестен бұрын армян қорғаушысының аяғына тиіп, бағытын өзгерткен екен.
«Мені сынап, балағаттап жатқандарға айтарым: жақсылап қараңдар, қорғаушы допқа тиді, доп бағытын өзгертті. Маған дейін доп жеткен де жоқ, көздеріңді ашып қараңдар!» - деп жазды Астанов өзінің Instagram-парақшасында.
Айта кетейік, аталған матч 2:1 есебімен Армения құрамасының жеңісімен аяқталды. Қазақстан сапынан жалғыз голды 90+5 минутта Бауыржан Исламхан пенальтиден соқты.