Бахтиер Зайнутдинов Еуропа чемпионатында қай құрамаға жанкүйер екенін айтты

Редактор
02.07.2024, 11:22

Зайнутдинов «Бешикташ» сапына 2023 жылғы жазда ауысты

"Бешикташ" ФК

Қазақстан ұлттық құрамасы мен Түркияның «Бешикташ» клубының жартылай қорғаушысы Бахтиер Зайнутдинов Еуропа чемпионатында кімге жанкүйер екенін айтты.

Алматыдағы іс-шараға келген Бахтиерден жүргізуші Еуро-2024-те кімді қолдайтынын сұрады.

«Жанкүйерлік ететін екі құрамам бар: Англия және Түркия», - деп жауап берді Зайнутдинов.

Әзірге Англияның сүреңсіз ойыны жанкүйерлердің көңілінен шығып жатқан жоқ. Футболдан Еуропа чемпионатының 1/8 финалында Англия Словакияны әрең жеңді. Словактар 90 минут бойы 1:0 есебімен алда тұрып,  90+5 минутта Джуд Беллингем есепті теңестіріп, матч экстра-таймға жалғасты. Ал овертайм басталған сәтте Харри Кейн (91-минут) баспен гол соғып, Англия құрамасына жеңіс алып келді. Саутгейт шәкірттері енді 6 шілдеде ширек финалдық кезеңде Швейцариямен кездеседі.

Ал Түркия топтың кезеңнің соңғы ойынында Чехияны 2:1 есебімен жеңіп, 1/8 финалға жолдама алған болатын. 2 шілдеден 3-іне қараған түні түріктер Австриямен ширек финал жолдамасын сарапқа салады. 

Зайнутдинов «Бешикташ» сапына 2023 жылғы жазда ауысты. Ол түрік клубында 37 матчта алаңға шығып, бір голмен көзге түсті. Оның ыстамбұлдық командамен келісімшарты 2027 жылғы 30 маусымға дейін есептелген.