Нидерланды Түркияны жеңіп, жартылай финалға шыққан соңғы команда атанды

Редактор
07.07.2024, 02:13

Енді Куман шәкірттері финалға шығу үшін Англия құрамасымен кездеседі

Getty Images

Футболдан Еуропа чемпионатының жартылай финалына шыққан төртінші команда анықталды. Ол – Түркияны негізгі уақытта жеңген Нидерланды құрамасы.

Негізгі уақытта жеңген деп бекер айтып отырғанымыз жоқ. Бұған дейін ширек финалда болған үш ойынның бәрі де тең аяқталып, матч тағдыры не пенальтиде, не овертаймда анықталып жатты. Ал, Куман шәкірттері түріктерден 0:1 есебімен жеңіліп тұрып, керемет камбэктің арқасында ойын тағдырын өз пайдасына шеше алды.

Алғашқы голды 35-минутта Самет Акайдын соққан. Есепте алда тұрғанына қарамастан Түркия құрамасы қорғанысқа жатып алмай, Нидерланды қақпасына қауіпті шабуылдарын тоқтатқан жоқ. Десе де, Депай бастаған нидерландықтар 70-минутта есепті теңестірсе (Стефан де Врей), араға алты минут салып түрік Мерт Мюльдюр автогол авторы атанды. Алғашында гол авторы ретінде Коди Гакпо жазылса, артынша бұл мәліметке өзгеріс енгізілді.

Осылайша, Нидерланды құрамасы жартылай финалға жолдама алып отыр. Енді Куман шәкірттері финалға шығу үшін Англия құрамасымен кездеседі.