Қазіргі таңда спорт – жеңіс, жеңіліс, медальдар мен кубоктар ғана емес, сонымен қатар бизнестің танымал бір саласына айналды деп айтуға болады. Спортшылар мен менеджерлер кез келген дүниеден ақша жасап қалуға тырысады. Бір жағынан бұл спортшылардың алаңсыз өнер көрсетуіне, жанкүйерлерге ұмытылмас эмоция сыйлауына септігін тигізеді. Бірақ қанағатсыз, психологиясы әлсіз спортшылар көп күш құртпай-ақ, оңай олжаға кенелу үшін басқа да әрекеттерге барып жатады. Солардың ішіндегі ең қауіптісі – ойындарға бәс тігу. Былтыр дәл осы бәс тігу бойынша Италия футболында үлкен дау туды. А серияда өнер көрсететін және өзге чемпионаттардағы бірнеше италиялық футболшының ойындарға бәс тіккені белгілі болып, біразы бірнеше уақытқа футболдан аластатылды.
Бірінші гол арнасының бүгінгі шығарылымы футбол тарихында лудоманияның арбауына түсіп қалған футболшыларға арналмақ.
Былтыр Info Seria A Italia әлеуметтік желісінде жариялаған лудоман футболшылардың тізімінде алдыңғы қатарда тұрғандардың бірі – италиялық Сандро Тонали болды. «Ньюкасл» клубының жартылай қорғаушысының айтуынша, жас кезінде хобби ретінде қызыққан нәрсе қазір тәуелділікке айналған. Бәс тігуден зардап шеккен футболшы психотерапевт пен лудоманияны емдеу курстарынан өтіп жүр.
Лудоманияның салдарынан Тонали биылғы Еуро-2024 турнирінде өнер көрсету мүмкіндігінен айырылды. Өйткені Сандроның бәс тігетіні белгілі болған сәтте-ақ Италия футбол федерациясы ұлттық құрамадан шеттетіп тастады. Тіпті оны Еуроға іріктеу турнирінің соңғы турларындағы Мальта мен Англияға қарсы өтетін ойындарға да қатыстырмады. 23 жастағы Тонали былтыр «Миланнан» 64 млн еуроға «Ньюкасл» сапына ауысқан болатын.
Біздің бұған дейінгі шығарылымдарымыздың кейіпкері болған атақты ағылшын шабуылшысы Уэйн Руни бұл жолы да назарымызға ілініп отыр. АПЛ-дің бес дүркін чемпионы, «Манчестер Юнайтед» клубы тарихындағы ең үздік сұрмерген де кезінде бәс тігіп, құмар ойындарға құмартқан.
2020 жылы Уэйн Руни жас кезінде құмар ойындардың арбауына ілінгенін мәлімдеген еді. Ол өзінің бұл әрекетін оқу-жаттығу жиыны кезінде қонақ үйде істейтін ештеңе болмағандықтан, уақыт өткізу үшін амалсыздан бәс тіккенімен ақтап алды. Қазір Руни жас футболшыларға бәс тікпеуге кеңес береді. «Шректің» айтуынша, ол бәс тіге отырып, көп дүниесін жоғалтқан. Руни бұл жолдан тек ерік-жігерінің арқасында құтылғанын айтады.
Футбол тарихында бәс тігуге қатысты жанжалдар өте көп. Старридж – құмар ойындарына байланысты Англия футбол қауымдастығы тарапынан дисквалификациялаған алғашқы ағылшын футболшы. Өйткені Даниэл бәс тігуге байланысты тәртіпті екінші рет бұзып, сол үшін футболдан шеттетілген.
Бірінші рет ол бұл дауға 2019 жылы тап болды. 2018/2019 жылғы футбол маусымын испаниялық «Севилья» клубында өткізуге тиіс болған. Старридж өзінің «Севильяға» ауысатынын немере ағасына айтады. Ал туысы бұл мәліметті ести сала Даниэл биыл клуб ауыстырады деп 10 000 фунт стерлингке бәс тігеді. Бірақ бұл трансфер іске асқан жоқ. Бәс тігуден хабар естіген Англия футбол қауымдастығы Старриджге 6 апталық дисквалификация және 75000 фунт айыппұл салды.
Бұл жағдай Старридждің басына таяқ болып тимеген екен. Өйткені мұндай жағдайды ол екінші рет қайталап, тағы да дисквалификацияға ұшырайды. Даниэл италиялық «Миланға» ауысатыны туралы ақпаратты бәс тігуге құмар тағы бір туысына айтып, бұл жолы да ойлағандары іске аспады. Іс сотқа дейін жетіп, Старридж бұл жолы 15 аптаға шеттетіліп, 150 000 фунт айыппұл төледі.
«Манчестер Юнайтед» клубының тағы бір жұлдызы Пол Скоулз да лудомания шырмауына ілінген футболшының бірі. Дегенмен, ол бәс тігуге карьерасын аяқтағаннан кейін құмарта бастаған. 2015-2019 жылдар аралығында Сколуз футбол матчтарына 140 мәрте бәс тіккен. Бұл уақытта ол «Сэлфорд Сити» клубының акционері болған. Негізі мұндай қызметтегі адамдарға бәс тігуге тыйым салынған.
140 бәстің ішіндегі 8-ін ол Райан Гиггз бен Ники Батт «МЮ-де» қызмет етіп жүрген кезінде жасаған. Бірақ Скоулздың матч тағдырына ықпал жасауға әрекеттенген бірде-бір жымысқы әрекеті дәлелденген жоқ. Ол жалпы бәске 26 мың фунт стерлинг тігіп, 6 мың фунт ұтқан. Ал Англия футбол қауымдастығы Скоулзға 8 мың фунт айыппұл салды. Кейіннін Пол ереже бұзғанын мойындап, акционерлерге бәс тігуге тыйым салынғанын білмегенін айтып, көпшіліктен кешірім сұрады.
Кезінде «Бернли» сапында доп тепкен әйгілі ағылшын футболшысы Джони Бартон 2006-2016 жылдар аралығында ағылшын клубтарында өнер көрсете отырып, футбол матчтарына 1260 мәрте бәс тіккен. Бір қызығы, Бартон тіккен бәсін ақша табу мақсатында емес, тек ойын-сауық үшін қойған. Осы әрекеті үшін ол небәрі 18 айға футболдан шеттетілді.
Жазасын өтеп болғаннан кейін ол Шотландияның «Рейнджерс» командасына ауысып, ол жақта да бәс тігуін жалғастырған. Шотландияда жүріп ол 44 мәрте бәс тіккен. Бірақ «Рейнджерстің» ойындарына бәс жасамаған. Соның арқасында ол небәрі 1 матчқа ғана шеттетілді.
АПЛ-да ойнаған тағы бір футболшы – Мартин Демичелис те бәс тігем деп, бас тігіп кеткен ойыншының бірі. Аргентиналық қорғаушының «Манчестер Сити» сапында жүріп 2016 жылы футбол матчтарына 29 рет бәс тіккені белгілі болды. Өзге футболшылар сияқты Демичелис те өз клубының ойындарына бәс тікпеген. Соның нәтижесінде ол тек ескерту алып және 22 мың фунт айыппұл төлеа, жазадан құтылып қалды.
«Тулуза» клубының футболшысы Расмус Николайсен да лудоманияның ауыр дертіне шалдыққан. Ол өз қаржысын былай қойғанда, командадағы бірнеше әріптесінен және клуб қызметкерлерінен қарыз алып бәс тіккен. Ақыр соңында берешек қарызы 100 мың еуроға жеткен. Ал футболшының апталық табысы 10 мың еуро болған. Яғни, ол адамдарға 2,5 айлық көлемінде қарыз болған.
«Тулуза» футболшылары клуб басшысы Дамьен Комоллиге Николайсеннің құмар ойындарға азарт екенін айтып, оның іс-әрекеті команданың ішкі атмосферасына кері әсерін тигізіп жатқанын айтқан. Президент Расмусқа жалақысын ертерек түсірткізіп, барлық қарызын төлеуге міндеттеген. Расмусқа ең көп қарызды жапониялық шабуылшы Адо Онаиву (50 мың еуро), Велко Бирманчевич пен Рафаэль Ратао берген (10 мың).
Даниялық қорғаушы «Портсмут» сапында жалда жүргенде де бұл әрекетін тыймаған. Сол уақытта ол 53 мәрте бәс тіккен.
2006 жылғы әлем чемпионатына бірнеше апта қалғанда италиялық даңқты қақпашы Джанлуиджи Буффонның бәс тігу бойынша басы дауға қалды. Жығылғанға жұдырық дегендей, сол кезде «Ювентусті» қаржылық іс-әрекеттерді дұрыс жүргізбеуіне байланысты айыптап, А Сериядан В Сериясына түсіру туралы жанжал басталған еді. Буффон бәс тіккенін мойындағанмен, оған Италия футболының басшылығы құрметпен қарап, ірі турнир қарсаңында құрамадан шеттеткен жоқ. Жазаға да тартылмады. Нәтижесінде бір жарым айдан кейін ол Италиямен бірге әлем чемпионы атағын жеңіп алды.
«Манчестер Юнайтед» және «Ньюкасл» клубтарында ойнаған Кит Гиллеспи Алекс Фергюсонның кесірінен лудоманияға шалдыққанын мәлімдеді. 1993-1995 жылдары ол аты аңызға айналған шотландтық жаттықтырушының қоластында ойнады. Сол кезде Фергюсон Гиллеспи арқылы бәс тіктірген. Егер бәс шығып отырса, табыстың бір бөлігін Сэр Алекс Китке беріп отырған.
Гиллеспи әрқашан тіккен бәсі сәтті шыға беретінінен үмітті болды. Өйткені оған кеңесті Фергюсон беріп отыратын. Бұл туралы Кит «Қалай миллионер футболшы болмауға болады» атты кітабында кеңінен жазған. Кітапта ол сол уақытта 7 миллион фунттан астам қаржы ұтылғанын айтады.
49 жастағы Гиллеспи қазір Солтүстік Ирландияның кішкентай ғана Бангор қаласындағы қарапайым пәтерде тұрады. Бірақ әлі де бәс тігуін доғармаған екен. Кейде достарымен бірге футбол көргенде қызық үшін 20 фунттан тігіп отыратынын айтады.
Қазір Еуропа чемпионатына қатысып жатқан «Брентфорд» клубының шабуылшысы Айван Тони бәс тіккені үшін сегіз айға футболдан шеттетілген. Тони 2017-2021 жылдар аралығында 15 рет өзінің гол соғатынына және 13 мәрте өзі алаңға шықпаған матчтарда командасының жеңілісіне бәс тіккен.
Тергеу нәтижелері бойынша футболшыға бәс тігуге тәуелді деген диагноз қойылды. Шабуылшыға 15 айлық дисквалификация қаупі төніп тұр еді, бірақ Англия футбол қауымдастығы Тонидің кінәсін мойындауын және дәрігерлердің оған қойған диагнозын ескере отырып, жазасын қысқартты. Психиатрлар оған кәнігі лудоман диагнозын қойды. Яғни, құмар ойындарға тәуелді болып қалған.
Адам қателесемін десе, аяқ астынан. Сондықтан құмар ойындардың арбауына түсіп қалуды сақтаңыздар.