«Зайнутдинов кешірім сұрауға жарамады». 4 баласымен матч көруге барған әйел аяғын сындырып алды

Редактор
16.09.2024, 23:18

Қазақстан-Норвегия матчында жанкүйерлердің қауіпсіздігі сақталмаған

Әлеуметтік желі

Алматыдағы футболдан Қазақстан-Норвегия матчына билет алып, кіре алмай қалған жанкүйер саны бірнеше мыңнан асқан еді. Тіпті, ұйымдастыру деңгейі төмен болғаны соншалықты жанкүйерлердің бірі аяғын да сындырған.

Журналист Диас Нұрақынның жазуынша, курстасы футбол көруге барып, орталық стадионнан аяғын сындырып қайтқан.

«Ойын біткесін Бахтиёр Зайнутдинов жанкүйерлерге футболкасын лақтырған. Тер сасыған шүберекке таласқан толпа, боққа үймелеген шыбындай шу ете қалыпты. Сол жерде кішкентай төрт баласымен футбол көруге барған курстасымды жанкүйерлер таптап тастаған. Балаларым бастырылып қалмасын деп аяғын жауға яғни жанкүйерге берген. Енді екі аптадан бері гипспен үйінде жатыр. Ал 25 мың жанкүйерді жинап алып, қауіпсіздікті мүлде ойламаған Қазақстан футбол федерациясы тіпті кешірім де сұрамапты. Біздің аяқдопшыларды қолдауға барып аяғын сындырған Дана Тенгебаева Зайнутдиновтың жекесіне де жазыпты. Бірақ Бақтияр кешірім сұрауға да жарамаған», - дейді Диас Нұрақын.

Ол желі қолданушыларынан мұндай жағдайда не істеу керегін сұраған.

«Кімге арызданса болады? Бес баланың анасы екі аптадан бері жүріп-тұра алмай, үйінде жатыр. Денсаулығына айтарлықтай зиян келді. Футбол федерациясынан дені дұрыс біреуді танысаңыздар, белгілей кетіңіздерші», - деп жазды.