«Бешикташ» бапкері Зайнутдиновқа қатысты шешім қабылдайды

Редактор
12.11.2024, 23:14

Ол соңғы уақытта алаңға өте сирек шығып жүр

Ahmad Mora/Getty Images

Қазақстандық жартылай қорғаушы Бақтиер Зайнутдинов ойнайтын Түркияның «Бешикташ» клубы чемпионаттағы соңғы үш матчта жеңіске жете алмай, көшбасшы «Галатасарайдан» он ұпайға қалып келеді. 

Sözcü басылымының мәліметінше, «Бешикташ» бапкері Джованни ван Бронкхорст командадағы жағдайды әрі қарай ушықтыра бермес үшін өзіне ұнамайтын ойыншылардың тізімі туралы есеп жасап, оны басшылыққа ұсынбақ.

Бұл тізімге Зайнутдинов, камерундық Жан Онана, түрік Онур Булут пен аустриялық Джан Келеш кіреді деген болжам бар. Бұл футболшылардың барлығының ойын алаңында өткізген уақыты аз, себебі нидерландтық маманның сеніміне ие бола алмаған тәрізді. 

«Ван Бронкхорсттың есебіне сәйкес, клуб басшылығы бұл футболшылармен қош айтысу туралы шешім қабылдайды. Осыдан соң «Бешикташ» басшылығы құрамды күшейту үшін жаңа трансферге мән бере бастайды», — деп жазды БАҚ.

Еске салайық, Бақтиер Зайнутдиновтың стамбұлдық клубтан кететіні туралы биыл жазда айтылды. Тіпті, оны ресейлік ЦСКА немесе «Зенит» сатып алатыны да сырттай шешілген. Алайда, қазақстандық футболшы қандай жағдай болмасын, Ресейге ауыспайтынын мәлімдеді. Артынша оның «Бешикташ» сапында мансабын жалғастыратыны белгілі болды.