Қырғыздың үш балуан қызы Олимпиададан жүлде алуы мүмкін

Редактор
15.05.2024, 10:34

Ал, Қазақстанның бірде-бір қызы Олимпиадаға жолдам ала алған жоқ

Фото ашық дереккөзден

Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына әйелдер күресінен Қазақстанның бірде-бір балуаны жолдама ала алмады. Есесіне, көрші қырғыздардың үш балуаны бақ сынамақ. Үшеуі де фавориттердің қатарында.

Атап айтсақ, 62 келіде Айсұлу Тыныбекова, 68 келіде Мейірім Жұманазарова, 76 келіде Айпері Медетқызы Париж төрінде күреседі.

Осылардың арасында Айсұлудың бәсі жоғары. Ол үш рет әлем чемпионы атанған. Алты мәрте Азия чемпионатында топ жарған. Бұған дейін Токио Олимпиадасында күміс медаль алған. Сондықтан осы жолы Парижде топ жаруды көздейді. Басты қарсыласы – жапон балуаны болмақ.

Осыдан үш жыл бұрын 68 келіде әлем чемпионы атанған Мейірім Жұманазарова өз салмағындағы мықтылардың бірі. Токио Олимпиадасының қола жүлдегері. 

Ал 76 келідегі Айпері Медетқызы былтыр әлем чемпионатында финалға дейін жеткен. Біздің Эльмира Сыздықова, Жәмилә Бақбергенова секілді балуандарды жеңіп жүрген спортшы.

Қарап отырсақ, қырғыздың үш қызы да өз салмағында жүлдеге үміткерлердің қатарында.