Ермаштың Бразилиядағы оқиғасы: 20 минут картинасыз тікелей эфир жүргізіп, Ұлттық арнаны "құтқарды"

Отандық көркем гимнастиканы көтерген Әлия Юсупова 40 жасқа толды

15.05.2024, 12:54
Отандық көркем гимнастиканы көтерген Әлия Юсупова 40 жасқа толды
olympic.kz

Көркем гимнастикадан қазақ спортшылары арасында Олимпиада ойындарына алғаш қатысқан Әлия Юсупова мерейлі 40 жасқа толды.

Ұзақ жылдар бойы үлкен ареналарда ел намысын қорғаған ол үлкен спортта несімен есте қалды?

Әлия Юсупованың есімі қазақ гимнастикасын жаңа деңгейге көтерген спортшы ретінде аталады. Ол кәсіби мансабында көптеген жетістіктіктерге ие болып, екі Олимпиадаға қатысты.

Спортшы 1984 жылы 15 мамырда Шымкент қаласында дүниеге келген. Көркем гимнастикадан жеке жаттығу бойынша 2000-2009 жылдары аралығында еліміздің абсалютті чемпионы атанып, үздік екенін дәлелдей алды.

2004 жылы Афины Олимпиадасында төртінші орынға тұрақтап, Азия чемпионатында 12 мәрте жеңімпаз атанған. Сондай-ақ, Азия ойындарының екі дүркін чемпионы және күміс жүлдегері. Бұдан бөлек, Универсиада ойындарында 4 қола жүлдені еншіледі.

Әлия Юсупова кәсіби спортты аяқтаған соң Шымкент қаласында көркем гимнастика мектебін ашып, бапкерлікпен айналысты. Кейін Ұлттық құрамаға жетекшілік етіп, шәкірттері халықаралық жарыстарда жақсы нәтижеге қол жеткізді. Ал 2021 жылдың басынан бері ол федерация президенті ретінде қызметіні жалғастырып келеді.

Әлия Юсупова бұған дейін берген сұхбаттарында жаттығу кезінде алған жарақатына байланысты спорттан кетуді ойлағанын айтқан болатын.

«Афины Олимпиадасына бару үшін мен өте ауыр жолдан өттім. 2002 жылы Пусандағы Азия ойындарына қатысып, командалық сында екінші орын иелендік. Ал мен жекелей жарыста күміс жүлдегер атандым. Сол бәсекеден кейін сол аяғымды қатты жарақаттап алғанмын. Ота жасауға тура келді. Қатты ауырғаны сонша, сол аяғымды сүйретіп жүретінмін. Мұны көрген әкем спортпен қоштасуымды сұрады. Өйткені, менің жүре алмай қалғанымды көру оларға ауыр еді. Бірақ мен бәріне шыдадым. 2003 жылы үш ай жаттығу жасауға рұқсат берген жоқ. Осы сәтте маған сенбей, орныма басқа спортшыны жібергісі келгендер де болды. Алайда, жеке бапкерім Екатерина Панченко мен Ирина Винер менің бәрін жеңетініме сенді. Жайлап жарақаттан айығып, жарыстарға қатысып, Афины Олимпиадасына жолдама алдым. Ал төртінші орын мен үшін жеңіске пара пар», - деген еді ол сұхбатында.

Отандасымыз жасына қарамастан көркем гимнастикада ұзақ жүрді. Әдетте бұл спорттағылар 20 жасында кәсіби мансабын аяқтап жатады. Бұл ретте ол 26 жасына дейін өнер көрсетті.

Ал бапкерлік қызметке келерде Әлия әкесімен кеңесіп, бір шешімге келген.

«Спорттан кеткен соң, жаттықтырушылық қызметті қолға алдым. Бұл істі бастар алдында әкем ақылын айтты. Жақсы спортшыдан жақсы бапкер шықпауы мүмкін екенін ескертті. Мен ойлана келе, мұның бәрін іс жүзінде байқайық деп шештім», - деді отандық БАҚ-қа берген сұхбатында.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам