Олимпиадаға қатысқан марафоншыны экс-жігіті бензин құйып, өртеп жіберген

Редактор
06.09.2024, 12:41

33 жастағы спортшы бірнеше күннен соң көз жұмды

CC BY-SA 4.0 / Narnabi / Rebecca Cheptegei (re-sized)

Угандалық жеңіл атлет Ребекка Чептегейді бұрынғы жігіті Диксон Ндием бензин құйып, өртеп жіберген. Оқиғадан бірнеше күн өткен соң спортшы қыз қайтыс болды. Бұл туралы Кения билігі хабарлады.

Ем-дом жасаған дәрігердің айтуынша, Париждегі жазғы Олимпиада ойындарына қатысқан 33 жастағы угандалық марафоншы әйелге жексенбі күні шабуыл жасалған. Оның денесінің 70%-ын күйік шалған.

Ребекка Чептегейге шіркеуден үйге оралғаннан кейін шабуыл жасалған. Жергілікті биліктің мәліметінше, спортшы мен оның бұрынғы серіктесі жер телімі үшін жанжалдасқан. Полиция бұл іс бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

«Біз спортшымыз Ребекка Чептегейдің бүгін таңертең қайғылы жағдайда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болып қайтыс болғанына қатты қайғырып отырмыз. Федерация ретінде біз мұндай әрекеттерді қатаң айыптаймыз және әділеттілік орнауын талап етеміз. Оның жаны жәннатта болсын», — делінген Уганда жеңіл атлетика федерациясының X сайтындағы хабарламасында.

Чептегейдің бұрынғы жігіті де ауруханаға жатқызылған, бірақ оның дене жарақаты жеңілірек болған.

Айта кетейік, Париж Олимпиадасында ол әйелдер марафонында жарысқа қатысып, 44-орынға ие болды. Сонымен қатар Таиландта өткен 2021 жылғы таулы және трассалық жүгіруден әлем чемпионатына қатысып, алтын медаль жеңіп алды.