Ол осыған дейін үш мәрте әлем біріншілігінде жүлде алған болатын
Тиранада күрес түрлерінен олимпиадалық емес салмақ дәрежелері бойынша өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық Жәмила Бақбергенова жартылай финалға жолдама алды.
Әйелдер күресінен 72 келіде сынға түскен отандасымыз алғашқы белдесуінде румын спортшысын уақытынан бұрын ұтты. Ал ширек финалда чех балуанынан 6:3 есебімен басым түсті.
Айта кететін жайт, Жәмила Бақбергенова осымен 5-ші рет қатарынан әлем чемпионатының жартылай финалына шығып отыр. Ол осыған дейін үш мәрте әлем біріншілігінде жүлде алған болатын.
Бұдан бөлек, 55 келіде Зульфия Яхирова, 59 келіде Диана Каюмова, 65 келіде Ирина Казулина алғашқы белдесулерінде есе жіберді.
Сондай-ақ, грек-рим күресінен 63 келіде Ержет Жарылқасын әлем чемпионатының финалына шықты. Ол шешуші белдесуде әзірбайжан өкілімен өзара мықтыны анықтайды.