Турнирдің жүлде қоры - 1 151 380 доллар.
АҚШ-тың Майами қаласында өтіп жатқан WTA 1000 санатындағы турнирдің екінші айналымында қазақстандық теннисшілер Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева өзара кездесті.
Кездесуде Рыбакина айқын басымдық танытып, қарсыласын екі сетте - 6:3, 6:3 есебімен жеңді. Осылайша, ол турнирдің үшінші айналымына жолдама алды.
Айта кетейік, бұл матч Рыбакина үшін Miami Open 2026 додасындағы алғашқы ойын болды - ол жарысты бірден екінші кезеңнен бастаған. Ал Путинцева турнирді бірінші айналымнан бастап, Индонезия өкілі Джанис Тьенді (WTA рейтингінде 40-орын) 3:6, 6:3, 6:4 есебімен жеңген еді.
Кездесуден кейін Елена Рыбакина өз әсерін бөлісті:
«Жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Шынымды айтсам, Юлияға қарсы ойнау қашан да қиын. Кортқа бейімделу үшін де біраз уақыт қажет болды. Жалпы, ойыныма көңілім толады. Бізді қолдау үшін түнге дейін қалған жанкүйерлерге үлкен рақмет», - деді ол корттағы сұхбатында.
Келесі кезеңде Рыбакина украинадық теннисші Марта Костюкпен кездеседі. Костюк өз кезегінде Өзбекстан өкілі Камилла Рахимованы жеңіп, келесі айналымға өткен.
Биыл Майамидегі турнирдің жүлде қоры 9 415 725 долларды құрайды. Жеңімпаз теннисші 1 151 380 доллар сыйақы алып, 1000 рейтингтік ұпайға ие болады.