Алаңда жан тапсырған футболшылар. Жаңа шығарылым!

«Айлығы мен пәтері берілмеді»: АҚШ-та қайтыс болған балуанның бапкері сырын айтты

30.03.2024, 16:31

Жас спортшы жоқшылық салдарынан мұхит асып көшіп кеткен

«Айлығы мен пәтері берілмеді»: АҚШ-та қайтыс болған балуанның бапкері сырын айтты
Фото ашық дереккөзден

АҚШ-та қайтыс болған қазақстандық балуан Мұхамбет Қуатбектің бапкері шәкірті туралы жылы естеліктерімен бөлісті. Оның айтуынша, шәкірті 2018 жылы виза аштырып, алыстағы Америкаға аттанған.

Sportbugin.kz сайтының жазуынша, балуанның денесі осы аптада жер қойнына тапсырылған.

Марқұм балуанның жеке бапкері Асқар Бақбергеновпен оның ақкөңіл, намысшыл жігіт болғанын айтады.

«Қуатбектің қазасы бәрімізді сенделтіп жіберді. Жап-жақсы жігіт еді. Түркістан облысы Төле би ауданындағы Мәдени деген кішкентай ауылдан шыққан. Оны 20 келіде күресіп жүрген кезінен білемін. Ақкөңіл, намысшыл еді, кез келген адаммен тіл табысып кететін. Жігітке тән бұзықтығы да болды. Бірақ әрдайым өз орнын білетін. Мені Қарағандыдағы жоғары спорттық шеберлік мектебіне бапкерлікке шақырған. Қарағандыға ауысатынымды естігенде, ол да менімен бірге кететінін айтты. Осылайша, 8-сыныптан бастап сол жақта болдық. 11-сыныпқа дейін тынымсыз еңбектендік. Бұл кездері айтарлықтай нәтиже болған жоқ. Есесіне, 2014 жылдан бастап спорттық мансабы тәп-тәуір басталды. Азия чемпионы болды, Словакияда әлем біріншілігінде 58 келіде қола жүлдегер атанды. 2014 жылы жасөспірімдер Олимпиадасында топ жарды. Бәрі жақсы келе жатқан», - деп еске алды балуанның бапкері.

Дегенмен, тәуір жетістікке жеткен балуанға көптеген бапкерлері таласқан секілді. 2015 жылы Шымкентке шақырылған Мұхамбет Қуатбектің айлық жалақысы тоқтап қалған. Уәде етілген пәтер де берілмеген соң нәтижесі де құлдырай бастаған.

«Ол 2018 жылы АҚШ-қа бес жылдық виза аштырып, сол жаққа жұмыс істеуге кетіп қалды. Егер бізде нәтиже көрсеткен спортшыларды бағалап, оларға жақсы жалақы төлеп, жағдайын жасаса, мұндай оқиға болмас па еді?!», - деді жеке бапкері.

Еске салайық, Мұхамбет Қуатбек наурыз айында АҚШ-та қайтыс болды. Оның нақты неден қайтыс болғаны әлі айтылған жоқ.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам