Ермаштың Бразилиядағы оқиғасы: 20 минут картинасыз тікелей эфир жүргізіп, Ұлттық арнаны "құтқарды"

Билік басында жүрген атақты қазақ спортшылары

29.04.2024, 11:54

Министрден ауыл әкіміне дейін

Билік басында жүрген атақты қазақ спортшылары
коллаж: 1bol.kz

Қазақстанда Олимпиада, әлем чемпионаттарында топ жарған спортшылардың карьерасын аяқтар-аяқтамастан креслоға жайғасуы жиі кездеседі. Әлемдік деңгейде танылған спортшыларымыздың арасында облыс әкімі, Мәжіліс депутаттарына дейін шықты. Сол саңлақтарымызға бір көз жүгіртейік.

Боксшы-министр

Туризм және спорт министрілігін боксшы Ермек Маржықбаев басқарады. Ол бокстан КСРО спортшы шебері. Ағасы Берік Маржықбаев та бокстан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Әйелдер арасында бокстан Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Марина Вольнова мен Азия чемпионы Римма Волосенко секілді шәкірттері тәрбиелеген.

Өзі де қазіргі қыздар құрамасының көшбасшысы Карина Ибрагимоваға ақыл кеңесін беріп тұрады.

Мәжілістегі депутаттар

Мысалы, 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері Серік Қонақбаев ұзақ жыл төменгі палатада отырды. Нақтырақ айтсақ, Мәжілістің II және IV шақырылымдарының депутаты (1999 - 2011) болды. Оның бапкері Юрий Цхай да Сенаттағы «халық қалауларының» қатарында жүрді.

Одан кейін жеңіл атлетикадан Сидней Олимпиадасының чемпионы Ольга Шишигина мен боксшы, Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиевтің де Мәжіліске депутат болып сайланғаны бар.

Ал былтыр Мәжіліске қазақтың даңқты балуаны Дәулет Тұрлыханов барды. Ол мемлекеттік қызметке бүгін келіп тұрған жоқ. 1996-1999 жылдары Мәжіліс депутаты, одан кейін Туризм және спорт агенттігінің төрағасы, Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігіне қарасты Спорт комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған.

Грек-рим күресінен Сеул Олимпиадасының күміс, Барселона Олимпиадасының қола жүлдегері. 1989 жылғы әлем чемпионы. КСРО-ның жеті дүркін жеңімпазы.

Сондай-ақ джиу-джитсудан Қазақстан чемпионы, аралас жекпе-жектен үш мәрте әлем чемпионы және әлем кубогының иегері, ережесіз жекпе-жектен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Ардақ Назаров та Мәжіліске Алматы облысынан депутат болып сайланды.

Әкім болған спортшылар

Ал, Афинында топ жарған боксшы Бақтияр Артаев 25 жасында Жамбыл облысының Айша бибі ауылында әкім қызмет атқарғанын да жақсы білеміз. Кейіннен Артаев өзі туған облыстың спортын да басқарды. Одан соң «Астана кәсіби президенттік спорт клубы, «Астана арландары», Қазақстан бокс федерациясында басшылық қызмет атқарды. Тек «Қаңтар оқиғасынан» кейін «Дикий Арманды» қолдап жазба жазған соң, биліктен көрінбей кетті.

Ал, дзюдо күресінен 2001 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, самбодан үш дүркін әлем чемпионы Асхат Шахаров қазір Ақтөбе облысының әкімі. Бір кездері дзюдо күресінен қазақ жастары арасынан әлем чемпионатынан алғаш жүлде әкелген спортшы облыс әкімі болғанша да біраз қызмет атқарып үлгерді. Алдымен Ақтөбеде қала және облыстың мәслихат депутаты, одан соң  Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе, Бәйтерек аудандарының әкімі болды. Сосын Ақтөбе қаласының әкімі, Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы міндетін де атқарды.

Бұрын кимоно киген спортшы қазір аяғына резіңке киіп, су тасқан Ақтөбенің аудандарын аралап жүр.

Ақтөбе спортшыларға билік тізгінін ерекше облыс болып тұр. Облысқа балуан әкім келсе, қаланы боксшы басқарып отыр. Азамат Бекет – 2000 жылдардың басында бокстан ұлттық құраманың мүшесі болды. Геннадий Головкин, Серік Сәпиевтермен бірге жүрген.

Ал мемлекеттік қызметтегі карьерасы 2016 жылы басталды. 2016–2018 жылдары Батыс Қазақстан, Атырау облыстарының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы лауазымдарында қызмет атқарған. 2018 – 2020 жылдары Атырау облысы Жылыой ауданының әкімі болып еңбек еткен. 2020 – 2021 жылдары Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. 2021 жылдың ақпан айынан Ақтөбе облысының Хромтау ауданының әкімі лауазымын атқарып келді.

Былтыр ақпан айында Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданына самбодан 2018 жылғы әлем чемпионы Руслан Кенжебеков әкім болып тағайындалды.

Марокконың Касабланка қаласында 2018 жылдың 19-22 қазан күндері аралығында самбо шеберлері арасында өткен әлем чемпионатында Ақтоғай ауданының болашақ әкімі жеңімпаз атанған. Сол уақытта Руслан Кенжебеков ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің басқарған еді. 

Самбо шебері Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының Қызыларай ауылының тумасы. 1978 жылы дүниеге келген ол 21 жылдан бері мемлекеттік қызметте еңбек етеді.

2008 жылы грек-рим күресінен Бейжің Олимпиадасында күміс жүлде еншілеген Нұрбақыт Теңізбаев та былтыр Алматы облысы Кеген ауданының әкімі болды. Ол бұған дейін 2018 жылдың қазан айынан Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы лауазымын атқарып келді. Теңізбаев – жастар арасында әлем чемпионы (Стамбұл, 2003 жыл), 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, 2009 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері.

«Спортта үлкен жетістікке жету үшін талмай еңбектену қажет. Мемлекеттік қызмет те еңбекқорлықты, тәртіпті, адалдықты талап етеді. Таңертеңнен кешке дейін тоқтаусыз жұмыс істеуің керек. Жақсылық Үшкемпіров ағамыз еңбек пен шыдамдылықтың арқасында биікке жетесің деп айтатын. Мемлекеттік қызмет өзіме қатты ұнады. Алланың берген атағы, абыройы бар. Жағдайым да жаман емес. Олимпиада жүлдегері атанғанымда үйім де, көлігім де, ақшам да болды. Мемлекет те, демеушілер де қолдады. Еңбек сіңірген спорт шебері болғаным үшін қазірге дейін ай сайын 400 мың теңгеге жуық стипендия төлеп тұрады. Әкім спортшы, экономист, ауыл шаруашылығы маманы болсын, мемлекеттің жұмысы бәрімізге ортақ. Адам бойында жауапкершілік, еңбекқорлық қасиеттері болса, ол қай жұмысты болсын алып кетеді. Талай саясаткер спортшы болған», - дейді Нұрбақыт Теңізбаев Informburo.kz берген сұхбатында.

Биыл билікке келген чемпиондар

Кәсіби бокстағы мақтанышымыз, Афины Олимпиадасының күміс жүлдегері Геннадий Головкин 26 ақпанда Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті болды. Бірақ Головкин спорттағы карьерасын аяқтағанын әзірге ресми жариялаған жоқ. Соңғы рет ол рингке 2022 жылы қыркүйекте Сауль Альвареспен шығып, жеңіліс тапқан.

Геннадий Головкиннің алдында үлкен міндет жүктеліп отыр. Париж Олимпиадасында Қазақстанның қалай өнер көрсететіні де, оның имиджіне әсер етері сөзсіз.

Головкиннің орынбасарларының арасында бокстан 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев бар.

Бокстан Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит те жақында Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.

Василий Левит 2022 жылдан бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызметкерлерді физикалық шынықтыру басқармасының басшысы болып жұмыс істеп келді. Ол Қостанай облысының тумасы. 2008-2021 жылдар аралығында бокстан ұлттық құраманың мүшесі болған.

36 жастағы спортшы екі мәрте Олимпиада ойындарының қатысушысы. 2016 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Қазақстан тарихындағы алғашқы үш дүркін Азия чемпионы, Азия чемпионатының екі мәрте жүлдегері. Бокстан халықаралық және ұлттық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы атанған.

Еркін күрестен Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков жақында Алматыдағы Республикалық спорт колледжінің директоры қызметіне кірісті.

Шәміл Серіков, Дәулет Тұрлыханов, Ольга Шишигина, Валерий Люкин, Елена Чебукин, Валерий Тихоненко, Ермахан Ыбырайымов, Ислам Байрамуков секілді дүлдүлдер тәрбиеленіп шыққан оқу орны 2022 жылы жабылған еді. Сол кездегі Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев орнына модульдік спорт кешенін саламын деп бай тарихы бар оқу орнының жұмысын тоқтатқан. Бірақ кейін осы Ислам Байрамуков бастаған белсенділердің арқасында оқу орны қайтадан жұмысын жалғастырды. Ал Дәурен Абаев қызметінен алынды.

Жергілікті жердегі басшы-спортшылар

Бокстан 2013 жылғы әлем чемпионы Мерей Ақшалов жақында Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің директоры болды.

Ақшалов оған дейін бокстан мемлекеттік жаттықтырушы, Ақмола облысы, Шортанды ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.

Лондон және Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов  былтыр желтоқсан айынан бері Маңғыстау облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған спорт мектебінің басшылығында жүр. Ол бұған дейін Маңғыстаудағы жоғары спорттық шеберлік мектебінің директоры болған еді.

2021 жылдың басында боксшы Мұхтархан Ділдәбеков те басшы атанды. Ол «Шымкент қаласының №1 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің» директоры болып тағайындалды. Сонымен қатар Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті қызметіне де кірісті.

Шымкентте тағы бір бокстан әлем чемпионы Біржан Жақыпов былтыр желтоқсан айында «Шымкент кәсіпқой бокс түрлері клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры болды.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам