Жаңа шығарылым! Англия жеңіледі. Саутгейт ақымақ адам!

Азиададағы сәтсіздік: Аллаһтың қалауы ма, Ораловтың кінәсі ме?

09.10.2023, 16:28

Қазақстан жалпыкомандалық есепте 11-орын алды

Азиададағы сәтсіздік: Аллаһтың қалауы ма, Ораловтың кінәсі ме?
Фото ашық дереккөзден

Қытайда өткен жазғы Азия ойындары Қазақстан спортшылары үшін сәтсіз аяқталды. Еліміз 10 алтын медальмен небәрі 11-орынға жайғасқан. Қоржынға бір емес, бірнеше алтын салады деген боксшыларымыздың өзі бірінен соң бірі жеңіліп, тек Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг) финалға дейін жетті. Алайда, ол да өзбек боксшысына жеңіліп, күміс медальды місе тұтты. Әйтеуір Олимпиадаға бір жолдама бар.

Күрес түрлерінен де алтын медаль жоқ. Әншейін де палуанның ұрпағымыз деп кеудені соққанда алдымызға жан салмаймыз. Бірақ, сақалын сипаған палуандарымыз ірі жарыстарға тек турист ретінде барып келетіндей көрінеді.

Бұрындары спортшыларымыз жеңілсе намыстан жерге кіруге тесік таппай ақталатын. Қазіргілері жеңілсе еш қымсынбай “Аллаһтың қалауы ғой” дей салатын болыпты. Егер өзіне ешнәрсе байланысты болмаса, ендеше жаттығу жасаудың не қажеті бар дейміз де… 

Жарайды, сонымен Ханчжоудағы сәтсіздікке кім жауап береді? Тоқаев жарыстан келген спорт шенеуніктерін жазалай ма? Қалай болғанда да спортшыларымыздың дайындығына бюджеттен миллиардтаған қаржы жұмсалды емес пе?! Әлде спорт министрінен бастап орта шенді лауазым иелері де бәрін құдайдың қалауына артып құтылып кете ме?

Спорт министрі Ермек Маржықпаевтың тағайындалғанына бір ай әлі болған жоқ. Оны жауапқа тартпайтыны анық. Бұл саланы бір жыл бойы басқарып, спортшылардың дайындығына қомақты қаражат бөлгізген экс-министр Асхат Оралов ше? Президент одан жұмсаған қаражат үшін сұрау сала ма? Әлде жұмыссыз жүрген Оралов жауаптан сытылып кете ме?

Қалай болғанда да, бұл жарыс еліміздегі спорт саласына реформа керек екенін көрсетті. Ермек Маржықпаевтың қолынан мұндай өзгеріс жасау келе ме, әлде ол да ескі соқпақпен жүре ме, оны 2024 жылы өтетін Олимпиада ойындарында көреміз.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам