Бразилиядағы оқиғалар-2: фэйк Рональдиньо, қарапайым Клозе, жұрт ұмытқан МакМанаман

Құлыбаев пен Мұхамедиұлы құлдыратқан қазақ спортын Маржықпаев өрге шығара ма?

12.10.2023, 14:04

Тоқаев та спортқа бөлінген қаржының нәтижесіз жұмсалғанын айтып сынаған еді

Құлыбаев пен Мұхамедиұлы құлдыратқан қазақ спортын Маржықпаев өрге шығара ма?
коллаж: 1bol.kz

Азия Ойындары аяқталып, Қазақстан құрамасы кезекті рет төмен нәтижемен жарысты аяқтады. 2018 жылы 15 алтын иеленген отандық спортшылар Қытайда небәрі 10 үздік көрсеткішпен елге оралды. Бұл – еліміз Азия Ойындарына 1994 жылы қатысқалы бері ең төменгі нәтиже болып отыр. 

Аталған сында қазақстандық спортшылар небәрі 10 алтын, 22 күміс, 48 қола жүлде иеленіп, жалпы есепте 11-орынға табан тіреді. Тимур Құлыбаев басқаратын еліміздің Ұлттық Олимпиада комитеті аталған жағдайға қатысты әзірге ләм-мим деп жақ ашпады. 

Бұған дейін төрт мәрте төртінші орынға, екі дүркін үздік бестікке енген отандастарымыздың нәтижесі әркімді-ақ алаңдатады. Алайда, мұндай құлдыраудың төменгі себебін әзірге кімнен іздеу керектігін сарапшылар әр түрлі айтып жүр деп жазады Orda.kz.

Қазақстанның Азия Ойындарындағы құлдырауы 2018 жылы Джакартада өткен Ойындарда анық байқалды. 2014 жылы Инчхонда үздік төрттікке енген жерлестеріміз араға уақыт салып өз жетістігін қайталай алмады. Сол уақытта Мәдениет және спорт министрі болған Арыстанбек Мұхамедиұлы аталған нәтижені түрлі себеппен түсіндірген еді. Бүгінде сотталып кеткен экс-министр сол уақытта ауыр атлеттерімізді құрлық ойындарынан шеттетілуін де желеу еткен-тін. Оның болжамынша, сол уақытта олар кемі 4 жүлде берер еді... Бұдан бөлек, бокстан ауыр салмақтың үш дәрежесін алып тастауы да біздің құрамаға әсер еткен көрінеді. Осындай сыныққа сылтаулардың барлығы жиылып келгенде Қазақстанның Азия Ойындарындағы нәтижесіне кері әсерін тигізгенін экс-министр өзінше түсіндірген болатын. Алайда одан кейін бес жыл өткенде бұл көрсеткішке де жете алмауымыз отандық спорттың қаншалықты құлдырағанын анық көрсеткендей. 

Жалпы, Қазақстан спортшылары соңғы бес жылда «қола дәуіріне» қайтып аяқ басқан секілді көрінеді. Себебі, қай жарыста болмасын қоржын тола қола медальдарда есеп жоқ. Есесіне үздік шыққандарды санауға келгенде саусақ артылып қалады. Токиода өткен Жазғы Олимпиада Ойындарында отандастарымыз 8 қоламен сексенінші орындарда қалғанын көзі қарақты жанкүйерлер жақсы біледі. Одан кейін Қысқы Олимпиадада мүлде жүлдесіз қалғанымыз тағы бар. 

Мұның себебін көптеген сарапшылар әртүрлі айтады. Мәселен, белгілі спорт журналисі, сарапшы Диас Ахметшәріп салалық бағыттарда мүлде қатысы жоқ адамдар отыруымен байланыстырады. Спортты түсінбейтін адамдардың саланы басқаруының салдары осындай нәтижеге әкеліп отырса керек. Алайда сарапшы Азиададағы ел спортшыларының нәтижесін құлдырау деп санамайды. 

«Біз бұл сында 80 жүлде еншіледік. Азиадаға барлығы 45 ел қатысты. Бұл біздің өз межемізден төмен нәтиже көрсеткенімізді байқатқанымен, құлдырау деуге келмейді. Бар болғаны құрлық ойындары Қазақстан спортшының кемшілігін көрсетті», - дейді Д.Ахметшәріп. 

Айта кететін жайт, биыл спорт саласы мәдениеттен бөлініп, өз алдына туризм және спорт министрлігі құрылды. Салаға қызметін бокс бапкерлігінен бастаған Ермек Маржықбаевтың келуін әркім әрқалай жориды. Алайда оның бірер ай бұрын ғана министр болып тағайындалғанын ескерсек, ол Азиададағы құлдырауға жауап бермейтіні әмбеге аян. Ал оның алдында бір жылдан аз уақыт бойы министр болған Асхат Ораловтың тұсында спорт саласы жетім баланың күйін кешкендей болғаны тағы рас. 

Бұл орайда сарапшылардың бапкерлердің айлық табысының аздығын да алға тартады. Алайда, жыл сайын мемлекет есебінен қыруар қаржы алып отырған федерациялардың еш нәтиже көрсетпеуі өте қатты сынға ұшырап отыр. 

Мәселен, боксшылар екінші рет Азия Ойындарынан алтынсыз қайтты. Джакартада өткен Ойындарда отандық былғары қолғап шеберлерінің тек екеуі финалға шығып, күміс жүлдеге ие болса, бұл жол жүлдеге ие болған үшеуге жалғыз күміс пен қос қоланы қанағат тұтты. 

Айта кетерлігі, 71 келіде сынға түскен команда капитаны Асланбек Шымбергенов ашық түрде төрешілер қысымына ұшырап, қолда тұрған жеңісінен айырылып қалды. Ал бас бапкер Мырзағали Айтжанов бұл сында наразылық ретінде жекпе-жек нәтижесін қайта қарау қарастырылмағанын атады. 

Азия Ойындарында бокстан финалға шыққан спортшылары Париж Олимпиадасының жолдамасына иелік етті. Бұл орайда Қамшыбек Қоңқабаев Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік алса, қалған алты боксшы алдағы лицензиялық жарыста өз бағын сынайтын болады. Ең өкініштісі, жолдама үшін өтетін сында біздің боксшыларға жауапкершілік екі есе арта түспек. 

Нәтиже демекші, Қазақстан спортшылары нәтиже бойынша Өзбекстаннан бірнеше рет кейін қалды. Мысалы, Рио және Токио Олимпиадасы мен соңғы екі Азия Ойындарындағы нәтижесі көрші елдегі спорттың қаншалықты дамығанын көрсетіп отыр. Осы орайда Тимур Құлыбаев басқаратын Ұлттық Олимпиада комитетінің жұмысы кейінге кетіп қалғанын аңғару қиын емес. Себебі, Олимпиада мен Азиадаға жолдама алған спортшылар қаншалықты көп болғанына қарамастан, біздің елде алтын жүлде алған спортшыларды саны саусақпен санарлық. 

Мысалы, Ұлттық Олимпиада комитеті бюджет есебінен жыл сайын алып келе жатқан қаражаты қомақты. Олай дейтініміз, 2018 жылы 12,3 млрд теңге алған комитет 2019 жылы 13,1 млрд, 2020 жылы 10,9 млрд, ал 2021 жылы 15,5 млрд теңге алған. Соған қарамастан біздің спорттағы нәтижеміз кейін кетіп бара жатқандай... Дегенмен, ҰОК 2022 жылы Қысқы Олимпиада Ойындарындағы нәтижеден кейін мемлекет есебінен бөлінген қаражатқа араласпайтын болды. 

Алда Париж Олимпиадасы. Бұл сынға Қазақстан спортшылары қанша жолдама иеленіп, қаншасы топ жаратынын болжау қиын. Ал таяуда ғана министр қызметіне қонжиған Ермек Маржықбаев аталған жауапкершілікті қаншалықты ақтай алады дегенге әзірге пәлен деп жауап беру қиын. Ал жұрт көзіне көп түсе бермейтін ҰОК-нің президенті Тимур Құлыбаевтың орнын босататын кез келген секілді...

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам