Ермаштың Бразилиядағы оқиғасы: 20 минут картинасыз тікелей эфир жүргізіп, Ұлттық арнаны "құтқарды"

«Қазақтың келіні»: даңқты ауыратлет Светлана Подобедова қазір немен айналысып жүр?

24.01.2024, 11:54

Ол Олимпиада чемпионы атағынан айрылғанымен, Лондонда жеңіп алған медалін қайтарған жоқ

«Қазақтың келіні»: даңқты ауыратлет Светлана Подобедова қазір немен айналысып жүр?
Instagram

Лондон олимпиадасында ауыр атлетикадан чемпион атанып, кейін допинг дауына ілінген Светлана Подобедованың қазір немен айналысып жүргені белгілі болды. Бейжің олимпадасынан кейін Қазақстан азаматтығын қабылдап, еліміздің атынан көптеген жарысқа қатысқан спортшы он шақты жыл бұрын спорттық мансабын аяқтаған болатын. 

Бүгінде Астанада тұратын ауыратлет фитнес залында қыз-келіншектерді жаттықтырып, артық салмақтан арылуға жәрдемдесіп жүр.

Ауыр атлетикадан аулақ кеткен ол тек нәзік жандыларға салауатты өмір салтын ұстанудың жолын көрсетуге бел буғанын айтады. 

Спортшының әлеуметтік желідегі жеке парақшасында оның фитнес бапкері екені жазылған. Жекелей бағдарлама бойынша жаттықтыратын әлем рекордсмені бұл кәсіпті өзіне қолайлы көргенін айтады. 

Светлана Подобедова әлем чемпионатының екі дүркін жеңімпазы, бір мәрте күміс жүлдегері. 2009 жылы Азия чемпионы атанған. Ал 2010 жылы Гуанчжоуда өткен Азия ойындарында жеңімпаз болды. Лондон олимпиадасына қатысқан спортшы чемпион атанғанымен, 2016 жылы допинг сынамасына қатысты тестілеуден өте алмай, кейін халықаралық олимпиада комитеті оның жетістігін жоққа шығарып, медальды кері қайтаруын талап етті. Алайда, Подобедова пәтерден пәтерге көшіп жүрген уақытта Олимпада чемпионына тиесілі алтын медальды жоғалтып алғанын айтып, ХОК талабын орындамады. 

Бүгінде Нұрлан Қарабалин есімді Қорғалжын ауданының тумасына тұрмысқа шыққан спортшы жұбайымен бірге бір ұл тәрбиелеп отыр. Жолдасы да спорттан құр алақан емес. Ол – ММА бойынша Астана қаласының аға бапкері.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам