Алтын медаль үшін өтетін белдесуде оның қарсыласы ресейлік Иналбек Шериев болмақ
Күрес түрлерінен Астанада өтіп жатқан Әлем чемпионатында еркін күрес балуаны Нұрқожа Қайпанов финалға жолдама алды.
74 келіге дейінгі салмақта сынға түскен отандасымыз жартылай финалда Жапония өкілі Йошиносукэ Аоягимен кездесті. Тартысты белдесу 3:1 есебімен Нұрқожаның пайдасына шешілді.
Айта кету керек, қос балуан екі жыл бұрын Әлем чемпионатының финалында кездескен болатын. Ол кезде де қазақ спортшысы жеңіске жетіп, чемпион атанған еді.
Осылайша, Нұрқожа Қайпанов әлем чемпионатының финалына шықты. Алтын медаль үшін өтетін белдесуде оның қарсыласы ресейлік Иналбек Шериев болмақ.
Финалдық белдесу ертең, 1 қарашада өтеді. Айта кетейік, бұл Қазақстан құрамасы үшін биылғы әлем біріншілігіндегі алғашқы финал.