ACA лигасында бонус алу үшін спортшы ұйыммен келісімшартқа отыруы керек
Аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов ACA лигасымен келісімшартқа отырған жағдайда Душанбедегі турнирдегі жеңісі үшін негізгі бонусқа ие болады. Бұл туралы промоушен президенті Магомед Бибулатов баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Бибулатовтың айтуынша, ACA лигасында бонус алу үшін спортшы ұйыммен келісімшартқа отыруы керек. Қазіргі уақытта Хамитов промоушенмен келісімшарт жасамаған. Алайда келісімге келген жағдайда оған жеңісі үшін тиесілі бонус аударылады.
«Бонус мәселесінде бір ерекшелік бар: егер спортшы ACA-мен келісімшартта болмаса, оған бонус берілмейді. Бірақ келісімшартқа қол қойса, бонусын жібереміз. Қуат Хамитов негізгі бонус алады. Ол да әзірге келісімшартқа отырмаған. Сондықтан келісім жасаса, бонусқа ие болады», – деді Магомед Бибулатов.
Еске салайық, Хамитов кеше Душанбеде өткен ACA 209 турнирінде ресейлік Алексей Махнодан басым түсті. Жекпе-жек екінші раундта техникалық нокаутпен аяқталды.