Қазақстанда футбол деңгейі нөл. Айболдың “крышасы” кім? Шалдар, кетіңдер!

«Рейтингтегі жағдайы мүшкіл»: Елдос Сметов Париж олимпиадасына қатыса ала ма?

24.01.2024, 22:39

Оның салмағында қазақстандық тағы екі дзюдошының Олимпиадаға баруға мүмкіндігі бар

«Рейтингтегі жағдайы мүшкіл»: Елдос Сметов Париж олимпиадасына қатыса ала ма?
olympic.kz

Париж олимпиадасының басталуына небәрі 6 ай ғана уақыт қалды. Төрткүл дүние көз тігіп отырған биылғы басты ойындарға дзюдодан еліміздің бірнеше балуанына қатысуға мүмкіндік бар. Алайда, Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері Елдос Сметов бұл сыннан тыс қалуы әбден мүмкін.

Қазіргі уақытта әлемдік рейтингте 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қазақстанның бірнеше спортшысы енген. Олардың арасында Мағжан Шамшадин – 12, Нұрқанат Серікбаев 19-орында тұрса, Елдос Сметов бұл көрсеткіш бойынша 35-орынға жайғасқан.

Осы олимпиадалық циклда Елдос бір жылға жуық уақыт бойы 66 келіде сынға түскендіктен, оның рейтингтегі көрсеткіші төмен болып отырғанын айтуымыз керек. Ол 2022 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында қола жүлде иегері атанып, 60 келідегі фавориттер қатарына қосылған болатын. Алайда, кейінгі өткен Гранд-слэм бәсекелерінде Сметов жүлдеден тыс қалды.

Париж олимпиадасына дейінгі жарыстар бойынша рейтинг мамыр айының соңында жабылады. Сол уақытта үздік 16-20 балуанның қатарына енген дзюдошылар тікелей Олимпиада жолдамасына ие болады. Ал бір мемлектеттен екі немесе одан көп спортшы бұл тізімге енген жағдайда сол елдің дзюдо федерациясы тек бір адамды ғана таңдайды. 

Қазір 60 келіде әлемдік рейтингте үздік жиырма дзюдошының қатарына Франциядан – 3, Жапония, Қазақстан, Оңтүстік Кореяның әрқайсынан 2 спортшыдан енген. 

Ал 60 келідегі әлемдікі рейтингтің 1-ден 35-ші орынға дейінгі тізімінде әр елден Олимпиадаға бір балуаннан баратынын бағамдасақ, онда Сметов 21-22 орынға табан тірейді. Бұл ретте тараздық спортшы алдағы 3-4 айда үздік нәтижеге қол жеткізбесе, Олимпиада ойындарына тек көрермен ретінде қатысуы ғажап емес. Сондықтан, еліміздің дзюдо құрамасының бапкерлері алда 60 келідегі үш балуанға ерекше мүмкіндік беретіні сөзсіз. Сондай-ақ, бұған дейін Нұрқанат Серікбаев 60 келіде Олимпиадаға нақты кім баратынын басшылық тарап шешетінін атаған болатын.

Ақпан айының басында Парижде Гранд-слэм бәсекесі өтеді. Бұл сында жеңімпаз атанған спортшы – 1000 ұпай, күміс жүлдегер 700 ұпай иеленеді. Ал үшінші орын иегері 500 ұпайды қоржынға салады. Сондай-ақ, 5-орын иегері 360, 7-орынға тұрақтаған дзюдошы 260 ұпайды еншілейді. Бұл ретте Сметовтің соңғы жарыстарда жоғары нәтижеге жете алмағанын ескерсек, алдағы сында басты бәсекелер қиынға соққалы тұрған жасырын емес.

Жалпы, Елдос 60 келіде әлем бойынша өте тәжірибелі балуан. Отандық жанкүйерлер оның Олимпиада ойындарында үш рет жүлде алған қазақ балуаны атануына тілекші әрі спортшының өзі соған мүдделі. Бірақ қыркүйекте 32 жасқа толатын танымал дзюдошы үшін алдағы жарыстар оның спорттағы тағдырында шешуші рөл атқарғалы тұр.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам