Роналдиньо клубтың қарыздарын жауып, тұрақты қаржыландырмақ
Бразилиялық футбол аңызы Роналдиньо мен Андорраның Clayton Sport инвестициялық қоры «Монако» баскетбол клубына қаржы салуға ниетті. Инвесторлар клубтың қарыздарын жауып, алдағы бірнеше маусымда тұрақты түрде инвестиция құюға дайын.
L’Equipe мәліметінше, «Монаконың» атқарушы директоры Алексей Ефимов Роналдиньо мен Clayton Sport өкілдерінен клубқа инвестиция салу туралы ниет хатын алған.
Инвесторлардың ұсынысы бойынша олар «Монаконың» Еуролига алдындағы шамамен 2,5 млн еуро қарызын өтеуге дайын. Сонымен қатар Францияның кәсіби баскетболындағы қаржылық бақылаушы орган DNCCG талап еткен 5 млн еуро көлеміндегі банк кепілдігін ұсынбақ.
Бұдан бөлек, Роналдиньо мен Clayton Sport клубқа 3-5 жыл бойы әр маусым сайын шамамен 10 млн еуро инвестиция салуды жоспарлап отыр.
Қазір «Монаконы» америкалық бұрынғы NBA ойыншысы Джамал Мэшберн басқаратын Helen Holdings консорциумына сату мәселесі де қарастырылып жатыр. Клуб өкілдерінің айтуынша, бұл бағыттағы келіссөздер 1 тамыздан кейін жандана түскен. Алайда тараптар әлі нақты келісімге келген жоқ.
Клубтың жалпы қарызы шамамен 24 млн еуроға бағаланып отыр. 1 тамызда Франция баскетбол федерациясының Апелляциялық палатасы қаржылық мәселелерге байланысты «Монаконы» 2026/27 жылғы Франция чемпионатынан шеттету туралы шешімді күшінде қалдырған.
Енді клуб 18 тамызға дейін Францияның Ұлттық олимпиадалық және спорт комитетіне қаржылық жағдайын реттеу бойынша қажетті құжаттарды ұсынуы керек. Осыған байланысты «Монаконы» сату жөніндегі мәмілені 14 тамызға дейін аяқтау маңызды.
Айта кетейік, Роналдиньо – 2002 жылғы әлем чемпионы және 2005 жылғы «Алтын доп» иегері. Ол «Барселона» сапында екі рет Испания чемпионы атанып, Чемпиондар лигасын жеңіп алды. Сонымен қатар «Миланмен» бірге Италия чемпиондығын да бағындырған.