
Оған ауыр айыптар тағылып отыр
Даңқты баскетболшы, NBA-ның алты дүркін чемпионы Майкл Джорданның ұлы Маркус Джорданды полиция ұстап әкетті. Оған есірткі сақтады және автокөлікті мас күйде жүргізді деген айыптар тағылып отыр.
TMZ басылымының хабарлауынша, полиция Маркусты Калифорниядағы Ориндж округінің абақтысына қамаған. Ол көліктің тізгініне мас күйде отырғаны өз алдына, өзімен бірге кокаин алып жүрген және полицияға қарсылық көрсеткен. Толыққанды ақпаратты полиция жариялаған жоқ.
34 жастағы Маркустың өзі де баскетболшы болған. Ол біраз уақыт Орталық Флорида университетінің баскетбол командасы сапында өнер көрсетті.
Майкл Джордан болса әлемдегі ең дәулетті спортшылардың бірі. 2024 жылы оның байлығы 3,2 млрд долларға бағаланған. Ол спорттағы мансабын 2003 жылы аяқтады. «Чикаго» және «Вашингтон» клубтарының сапында жүріп, NBA-ның алты дүркін чемпионы атанды.