Қазақстан құрамасы 19 қарашада басталған Ташкенттегі халықаралық оқу-жаттығу жиындарында жүр
Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының боксшылары Өзбекстанның бокс жұлдыздарымен кездесті.
Өзбекстан құрамасының бапкері Акмаль Хасанов өз Instagram парақшасында Қазақстан құрамасының жетекші боксшыларының өзбек бокс жұлдыздарымен бірге кешкі ас үстінде отырған видеосын жариялады. Кадрлардан Айбек және Нұрбек Оралбай, Сәкен Бибосынов және Махмұд Сабырханды көруге болады. Ал Өзбекстан тарапынан екі дүркін Олимпиада чемпионы Баходир Жалолов пен кәсіпқой бокстың жұлдызы Исраил Мадримов қатысқан.
«Ассалаумағалейкум. Керемет спаррингтен кейінгі берекелі кешкі ас. Арамызда Олимпиада жүлдегері, әлем чемпионы – Сәкен Бибосынов, жақында әлем чемпионы атанған Айбек Оралбай. Екі дүркін Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы Баходир Жалолов отыр», — деді Хасанов.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Қазақстан құрамасы 19 қарашада басталған Ташкенттегі халықаралық оқу-жаттығу жиындарында жүр. Жиынға Қазақстан құрамасының бірінші және екінші нөмірлі боксшылары, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан және Таиланд командалары қатысуда.