Ендігі басты мақсат – жеке бокс залын ашу.
Үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай жеке бокс залын ашуды көздеп отыр. Осы мақсатын жүзеге асыру үшін ол Олимпиададан кейін сыйға берілген көлігін сататынын мәлімдеді.
Боксшының айтуынша, 2025 жылға өзі үшін үш үлкен мақсат қойған. Олар:
– үш дүркін әлем чемпионы атану;
– ата-анасына үлкен үй сыйлау;
– жеке бокс залын ашу.
Назым Қызайбай бұл мақсаттардың екеуіне толық жеткенін атап өтті.
«Үш дүркін әлем чемпионы болдым. Биыл екі әлем чемпионаты өткендіктен рекордымды жаңартқым келген, бірақ екіншісінде күміс медаль иелендім», – деді спортшы.
Сонымен қатар ол ата-анасына үлкен үй алып бергенін де жеткізді.
«Отбасыма үлкен үй алып бердім, бәрі мәз», – деп жазды чемпион.
Ендігі басты мақсат – жеке бокс залын ашу. Боксшы бұл жоспарын кейінге қалдырмай, жыл соңына дейін іске асырғысы келетінін айтты. Қазіргі таңда ол шағын ғимаратты алдын ала қарап қойған.
Осыған байланысты Назым Қызайбай көлігін сатуға шешім қабылдаған.

«Көлікті жақсы көремін, бірақ арман мен мақсат үшін бұл қадамға баруға дайынмын», – деді ол.
Боксшы көлікке қызығушылық танытқан жандарға жеке хабарласуды немесе ағасына шығуды ұсынды. Айта кетейік, аталған автокөлік Олимпиададан кейін сыйға берілген, бір жылдан астам уақыт пайдаланылғанымен, жағдайы жақсы.
Еске сала кетсек, бұған дейін Назым Қызайбайға Zeekr, Mini Cooper және Lixiang L7 маркалы су жаңа автокөліктер сыйға тартылған болатын.