Ерсін Ерік «Реалды» қор қылды. Тауық сойса да қасап сойсын. Саусақ пен тіл үйлескенде…

Жәнібек Әлімханұлының болашағы не болмақ: боксшының менеджері допинг дауына қатысты мәлімдеме жасады

Бүгін, 17:54

Ол боксшының шеттетілуі мүмкін екенін де жоққа шығармады. 

Жәнібек Әлімханұлының болашағы не болмақ: боксшының менеджері допинг дауына қатысты мәлімдеме жасады
Нұрғали Жұмағазы

Қазақстандық кәсіпқой боксшы, WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақта әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының мансабына қатысты сұрақ көп. АҚШ-тың Сан-Антонио қаласында кубалық Эрисланди Ларамен өтуі тиіс жекпе-жек қарсаңында жерлесіміздің допинг сынамасынан мельдонийдің анықталуы бокс әлемінде қызу талқыланып жатыр.

Белгілі болғандай, «Qazaq Style-дың» B сынамасы 8 қаңтар күні ашылады. Осыған байланысты әзірге нақты шешім қабылданған жоқ, ал чемпиондық белбеулерден айыру немесе шеттету мерзімі туралы айту ерте.

Дегенмен боксшының менеджері Берік Сұлтан жағдайға байланысты алғаш рет жан-жақты түсініктеме беріп, қоғамдағы алаңдаушылыққа жауап қатты.

«Құрметті жанкүйерлер, сұрақ өте көп. Сондықтан бәріне нақты жауап бергім келеді. Жанкүйерлерді жағдайдың қалай шешілетіні, не болып жатқаны алаңдатып отыр. Ең алдымен, Жәнібектің және өз атымнан сіздерге алғыс айтқым келеді. Жат жұрт біздің қателігімізге қуанып, мансабымызға нүкте қойып жатқанда, өз жанкүйерлеріміз қолдау білдіріп, біздің кінәсіз екенімізге сеніп отыр», – деді Берік Сұлтан.

Оның айтуынша, допинг дауы күтпеген жерден туындаған.

«Бұл жағдай біз үшін де оңай болған жоқ. Қаншама тер, қаншама қан төгілді. Осыншама еңбек етіп, шыңға жақындаған сәтте осындай жағдайға тап болдық. Басында VADA бізден зәр мен қан сараптамаларын алды – бәрі таза шықты. Біз таза спортты қолдайтынымызды бұған дейін де айтқанбыз және ұстанымымыздан бас тартқан жоқпыз. Себебі Жәнібектің боксына Қазақстанда ғана емес, әлемде еліктейтін жастар бар. сынаманың нәтижелерін әлеуметтік желіде де жарияладық. Біраз уақыт өткен соң қайта келіп, тек зәр сынамасын алды. Ұшардан бірнеше күн бұрын осы мәселе хабарланды. Өзіміз де аң-таң болдық», – дейді менеджер.

Берік Сұлтан екі сынаманың арасындағы кезеңде спортшының дайындығында ештеңе өзгермегенін ерекше атап өтті.

«Екі сынаманың арасында біз тамақты да, витаминдерді де өзгертпедік. Барлығы – спортшыларға рұқсат етілген, қажетті қоспалар. Тіпті сол витаминдерді тексеруге бердік, бәрі таза. Бұл қалай болғанына әлі күнге дейін жауап жоқ», – деді ол.

Соған қарамастан, менеджер команда Әлімханұлының кінәсіздігіне толық сенімді екенін жеткізді.

«Біз таза екенімізге сенеміз. Екінші сынама соны дәлелдейді деп үміттенеміз. Сол кезде мансабымызды жалғастырып, титулдарымызды сақтаймыз», – дейді Сұлтан.

Алайда жағымсыз сценарий де жоққа шығарылмайды.

«Егер сынама оң нәтиже көрсетсе, Жәнібектен WBO және IBF титулдарын алып, жарты жылға немесе бір жылға дисквалификация беруі мүмкін. Бірақ біз ондай жағдайда да біз берілмейміз. Жәнібек небәрі 33 жаста. Кроуфорд 38 жасында «Канелоны» жеңді. Біз әлі талай белесті бағындырамыз», – деді менеджер.

Қазіргі уақытта Жәнібек Әлімханұлы Қазақстанда екен.

«Қазір елдеміз, өз-өзімізге келіп жатырмыз», – деп түйіндеді Берік Сұлтан.

Алдағы күндері ашылатын B сынамасы қазақстандық боксшының тағдырын анықтайды. Бұл тек бір жекпе-жектің емес, тұтас чемпиондық жолдың шешуші сәті болмақ.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 1
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам