Ерсін Ерік «Реалды» қор қылды. Тауық сойса да қасап сойсын. Саусақ пен тіл үйлескенде…

ӘЧ финалындағы дау: ресейлік боксшы Абдумалик Халоковты реванш өткізуге шақырды

23.12.2025, 22:44

Ол қарсыласына үндеу жасады. 

ӘЧ финалындағы дау: ресейлік боксшы Абдумалик Халоковты реванш өткізуге шақырды
iba.sport

Ресейлік боксшы Всеволод Шумков IBA ұйымдастырған бокстан әлем чемпионатында болған даулы жекпе-жектен кейін өзбекстандық Абдумалик Халоковқа реванш беруге дайын екенін мәлімдеді.

Дубайда (БАӘ) өткен әлем чемпионатындағы финалдық айқасқа қатысты дау әлі де басылар емес. Осыған байланысты Шумков жанкүйерлерге арнайы үндеу жасап, өзбек боксшысымен қайта кездесуге келісім бергенін айтты.

«Өзбек халқын құрметтеймін. Ол жақта да мені қолдайтын жанкүйерлерім мен достарым көп. Маған Халоковпен реванш өткізу туралы ұсыныс түскен бойда бірден келістім. Қажет болса, Ташкентте де титулымды қорғауға дайынмын. Кез келген шарт, кез келген арена. Әдемі әрі тартысты жекпе-жек өткізіп, жеңісіме ешкімнің күмәні қалмауын қалаймын», – деді Шумков Ресей бокс федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Ол сондай-ақ саяси себептерге байланысты Ресей құрамасының Олимпиада ойындарына қатыса алмағанын да атап өтті. Ал сол Олимпиадада Халоков алтын медаль жеңіп алған болатын.

«Әлем чемпионатында біздің команда өз мүмкіндігін дәлелдеді. Егер Олимпиадаға қатысқанымызда, нәтиже мүлде басқаша болар еді», – деді боксшы.

Сөз соңында Шумков қарсыласына тікелей үндеу жасады:

«Абдумалик, әдемі бокс көрсетейік. Сенің жауабыңды күтемін», – деді ол.

Айта кетейік, әлем чемпионатында 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі финалда Всеволод Шумков төрешілердің басым дауысымен Олимпиада чемпионы Абдумалик Халоковты жеңіп, алтын медаль иеленген еді.

Жекпе-жектен кейін желіде ресейлік боксшының қарсыласының құлағын тістеген сәттің видеосы тарады. Бұл Өзбекстанда үлкен резонанс тудырып, жанкүйерлер мен бокс қауымдастығы нәтиженің қайта қаралуын және алтын медальдің Халоковқа берілуін талап етті.

Алайда Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) аталған эпизодты қарап, жекпе-жек нәтижесін заңды деп таныды және шешім өзгермейтінін мәлімдеді.

Ал Ресей бокс федерациясы екі былғары қолғап шебері арасында реванш ұйымдастыруды ұсынды. Бұл бастаманы IBA басшысы Умар Кремлёв те қолдап, реваншты IBA.PRO форматындағы шоу-жекпе-жек ретінде өткізуге дайын екенін жеткізді.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам