41 жастағы Қанат Ислам – 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам Алматыда өтуі тиіс жекпе-жегінің кейінге шегерілгенін мәлімдеді.
Боксшының айтуынша, 27 желтоқсанға жоспарланған бокс кешіне ол қатыса алмайды. Бұл шешім бірқатар ұйымдастырушылық себептерге, соның ішінде қарсыласқа қатысты мәселелерге байланысты қабылданған.
Құрметті жанкүйерлерім, 27 желтоқсан күні Алматыда өтуі тиіс бокс кешінде мен шаршы алаңға шықпаймын. Бұған бірнеше себеп бар, оның ішінде қарсыластарға қатысты түйткілдер туындады. Егер бәрі ойдағыдай шешілсе, жекпе-жек шамамен бір жарым айға кейінге қалады. Нақты күні белгілі болғанда міндетті түрде хабарлаймыз, – деді Қанат Ислам әлеуметтік желідегі парақшасында.
Айта кетейік, 41 жастағы Қанат Ислам – 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері. Ол 27 желтоқсанда Алматыда өтетін кәсіпқой бокс кешінің басты жекпе-жектерінің бірінде өнер көрсетуі тиіс болған.
Қанат Ислам кәсіпқой бокста да айтарлықтай жетістікке жеткен. Ол бірінші орта салмақта WBA Inter-Continental, WBO NABO, WBO Inter-Continental, WBA Fedelatin және WBA Fedecaribe чемпиондық белбеулерінің иегері атанған.