Боксшының айтуынша, жанжал спарринг барысында туындаған.
Қазақстандық боксшы Сабыржан Аққалықов қараша айында Ташкентте өткен оқу-жаттығу жиыны кезінде өзбекстандық боксшылармен болған келіспеушілікке қатысты пікір білдірді.
Бұған дейін журналист Аслан Қаженов «Бірінші бол» арнасына қонаққа келгенде Аққалықовқа өзбек боксшылары жабылып кеткенін, ал қазақ боксшылары үндемей қарап тұрғанын айтқан еді.
Боксшының айтуынша, жанжал спарринг барысында туындаған.
«75 және 80 келі салмақ дәрежесінде алты адам болдық – төрт өзбек, екі қазақ. Спаррингтер өтті: алдымен Фазлиддин Эркинбоев, кейін Жавохир Умматалиев, содан соң тағы бір өзбек боксшысымен жұдырықтастым. Кейін қарқын күшейіп, олар маған шабуылдады. Бірақ жанжал ринг шеңберінен аспады. Эркинбоевпен ілінісіп қалдық, эмоцияның бәрі сол жерде қалды. Кейін қол алысып татуластық», -деді Аққалықов «Спорт Министрі» YouTube-арнасына берген сұхбатында.
Айта кетейік, Сабыржан Аққалықов пен Фазлиддин Эркинбоев IBA әлем чемпионаты аясында Дубай қаласында жартылай финалда кездесуі тиіс болған. Алайда өзбекстандық боксшы жарақатына байланысты жекпе-жектен бас тартты.