Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

«Сабақ болды»: федерация президенті Әлімханұлының чемпиондық атағынан айырылуына қатысты мәлімдеме жасады

Бүгін, 10:03

Ол боксшының командасы апелляция беретінін де алға тартты.

«Сабақ болды»: федерация президенті Әлімханұлының чемпиондық атағынан айырылуына қатысты мәлімдеме жасады
©Top Rank

Қазақстан Кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков Instagram парақшасында Халықаралық бокс федерациясының (IBF) қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлына қатысты қабылдаған шешіміне пікір білдірді.

Федерация басшысының айтуынша, IBF өз шешімінде ұйымның қатаң регламентіне сүйенген. Ережеге сәйкес, кез келген салмақ дәрежесіндегі чемпион өз титулын тоғыз ай ішінде қорғауға міндетті. Бұл талапқа сай Жәнібек Әлімханұлы чемпиондық белдігін 2026 жылдың 4 шілдесіне дейін қорғауы тиіс болған.

Алайда қалыптасқан жағдайларға байланысты бұл жекпе-жекті өткізу мүмкін емес. Осыған байланысты 2026 жылғы 5 наурызда IBF директорлар кеңесі чемпиондық титулды бос деп жариялау туралы шешім қабылдаған. Сонымен қатар ұйымның тәртібіне сәйкес, Жәнібек Әлімханұлы 2026 жылдың 2 желтоқсанына дейін жекпе-жектерден шеттетілген.

Рахымжан Ерденбеков бұл жағдайдың боксшы командасы үшін үлкен сабақ болғанын атап өтті.

«Федерация президенті ретінде айтарым, бұл жағдай Жәнібектің командасы үшін нағыз сабақ болды. Дегенмен ол биыл үлкен рингке бұрынғыдан да мықты болып оралады деп сенемін. Жәнібек алдағы уақытта әлемнің төрт негізгі чемпиондық белдігін де жеңіп алады», – деді Ерденбеков.

Сонымен қатар ол Жәнібек Әлімханұлының командасы бұл шешімге қатысты апелляция беретінін мәлімдеді.

Еске сала кетейік, 6 желтоқсанда өтуі тиіс болған үш чемпиондық титул үшін жекпе-жек қарсаңында Жәнібек Әлімханұлы допинг дауына ілікті. Кейін Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) қазақстандық боксшының допинг-сынамасы оң нәтиже көрсеткенін ресми түрде растады. Осыған байланысты арнайы тергеу басталған.

Ал боксшының өзі ешқандай тыйым салынған препарат қолданбағанын айтып, екінші сынаманы қайта тексеруді сұраған.

19 қаңтарда Жәнібек Әлімханұлының допинг-сынағына қатысты кезекті отырыс өтті. Оның қорытындысы бойынша екінші сынама да оң нәтиже көрсетті. Дегенмен WBO боксшыны чемпиондық атақтан айырған жоқ.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам