Ол күресті жалғастыратынын айтты.
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағынан айырылғаннан кейін жанкүйерлеріне үндеу жасап, алдағы жоспарын бөлісті.
«Қазақ стилі» бұл сынақтарға қарамастан күресті жалғастыратынын айтты.
«Сыналдық, бірақ сынбадық. Керісінше, шыңдалдық. Шешімдер шықты: IBF кетті, WBO қалды. Қалай болғанда да қазір мен WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионымын. Бір титул сақталды, Аллаға шүкір. Бұйыртса, сегіз айдан кейін рингке қайта ораламын. Үлкен жорық жалғасады. Құдай жаратқан төбені кетпенмен шауып біте алмайды, Құдай жаққан отты адам үрлеп өшіре алмайды. Біз әлі аяқтаған жоқпыз, бәрі енді басталатын сияқты», – деп жазды Әлімханұлы.
Боксшы кәсіпқой бокста кейбіреулер үшін спорт бірінші орында болса, енді біреулер үшін бұл тек бизнеске айналғанын да атап өтті.
«Кәсіпқой бокс біреулер үшін спорт болса, кейбіреулер үшін тек бизнес. Біз спорт жағындамыз, біз қазақылық бағытындамыз. Қазанаттың жолында жазық та бар, ор да бар. Азаматтың жолында бақыт та бар, сор да бар – бұл өмірдің заңы. Әр қиындықтан кейін қуаныш келетінін ұмытпауымыз керек», – деді ол.
Сонымен қатар Әлімханұлы допингке қарсы екенін тағы да атап өтті.
«Мен допингке қарсымын. Мұны бұрын да айтқанмын, қазір де айтамын. Өткен нәрсе өтті, біткен іс бітті. Оны қайта-қайта талқылағаннан тағдыр өзгермейді. Ең бастысы – ел менің кім екенімді, қандай боксшы екенімді жақсы біледі», – деді қазақстандық спортшы.
Жәнібек Әлімханұлы жанкүйерлеріне алғыс айтып, алдағы уақытта да үлкен жекпе-жектер күтіп тұрғанын жеткізді.
«Ардақты ағайын, біз әлі де әлем чемпионымыз. Алдымызда талай үлкен додалар бар. Жеңісті күнде жүздесейік. Қолдауларыңызға рақмет», – деп қорытындылады ол.
Айта кетейік, WBO ұйымы Әлімханұлын бір жылға жарыстардан шеттеткенімен, оның чемпиондық титулын сақтап қалды.