Ол қарсыласын екі рет нокдаунға жіберді.
Қазақстандық жас боксшы Бейбарыс Әшірбай Таиланд астанасы Бангкокте World Boxing ұйымының қолдауымен өтіп жатқан Futures Cup U-19 халықаралық турнирінің ширек финалына жолдама алды.
70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін қазақстандық спортшы 1/8 финалда Оңтүстік Корея өкілі Джунхюй Юмен кездесті. Жекпе-жек аса ұзаққа созылған жоқ. Кездесудің алғашқы минутында-ақ Бейбарыс қарсыласын екі рет нокдаунға жіберді. Осыдан кейін төреші жекпе-жекті мерзімінен бұрын тоқтатуға мәжбүр болды.
Осылайша, Бейбарыс Әшірбай турнирдің ширек финалына өтті.
Айта кетейік, 19 жасқа дейінгі боксшылар арасында өтетін Futures Cup турнирі биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Қазақстан құрамасынан бұл додаға 19 спортшы аттанған.
Халықаралық жарыс 15 наурызға дейін жалғасады.