Айта кетейік, бірінші раундта қарсыласы нокдаунға түсті.
Таиланд астанасы Бангкокта өтіп жатқан халықаралық Futures Cup U-19 турнирінде Қазақстан құрамасының боксшысы Хамза Максатұлы алтын медаль жеңіп алды.
75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен қазақстандық финалда Өзбекстан өкілі Сухроб Рахматуллаевпен қолғап түйістірді. Жекпе-жек қорытындысында Хамза төрешілер шешімімен 4:1 есебімен жеңіске жетті.
Айта кетейік, бірінші раундта қарсыласы нокдаунға түсті.
Осылайша, Хамза Максатұлы халықаралық Futures Cup U-19 турнирінің жеңімпазы атанып, тұғырдың ең биік сатысына көтерілді. Ал Сухроб Рахматуллаев күміс медальді қанағат тұтты.
Еске салсақ, 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы Futures Cup U-19 жарысы биыл алғаш рет World Boxing ұйымының ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Қазақстан бұл додаға 19 спортшыны алып барған.
Сонымен қатар, Бангкоктағы турнирде Қазақстан қоржынына тағы бір алтын медаль түсті. Жеңіл салмақтағы (60 келіге дейін) Досжан Жұмақан финалда Таиланд боксшысы Сива Чайнаронгты 3:2 есебімен жеңіп, чемпион атанды.
Бұған дейін Қазақстанға алғашқы алтынды 80 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Айдана Убайдуллақызы сыйлаған болатын.
Қазір Қазақстан құрамасынан сегіз боксшы Futures Cup финалында ел намысын қорғап жатыр.