Допинг дауынан кейін бір жыл спорттан шететтілген қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) биыл желтоқсанда рингке оралуы мүмкін. Ал, оның қарсыласы британдық Дензел Бентли болуы тиіс.
4 сәуірде Бентли Лондонда өткен бокс кешінде венесуэлалық Эндри Саавердамен (17-2-1, 14 КО) жұдырықтасты. Жетінші раундта британдықтың ауыр соққыларынан кейін рефери жекпе-жекті тоқтатып, техникалық нокаут тіркеді.
Осылайша, Дензел Бентли WBO тұжырымы бойынша әлемнің уақытша чемпионы атанып отыр. Ол енді толыққанды чемпион титулын иемдену үшін Жәнібек Әлімханұлымен кездесуі тиіс.
Қазақ боксшысының дисквалификация уақыты биыл желтоқсанда аяқталады. Отандасымыз 2025 жылы Эрисланди Ларамен жекпе-жек алдында допинг қолданғаны анықталып, әлемдік бокс қауымдастықтары оны жазалады. Атап айтқанда, IBF чемпиондық белбеулі алып қойса, WBO оны бір жылға спорттан шеттетті.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы мен Дензел Бентли 2022 жылдың қараша айында жекпе-жек өткізген. Ол кезде Qazaq Style төрешілер шешімімен жеңіске жеткен еді.