Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

«Жәнібектің мансабына дақ түсті»: Бентлидің бапкері Әлімханұлын реваншта жеңетінін айтты

Бүгін, 11:49

Ол чемпиондардың допингпен ұсталып, титулын сақтап қалуына қарсылық білдірді

«Жәнібектің мансабына дақ түсті»: Бентлидің бапкері Әлімханұлын реваншта жеңетінін айтты
әлеуметтік желі

Допинг дауы Жәнібек Әлімханұлының мансабына ауыр соққы болды. Қазақстандық боксшының бұрынғы қарсыласы Дензел Бентлидің бапкері әрі менеджері Мартин Бауэрс осылай деп мәлімдеді.

Орта салмақта WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы саналатын Жәнібек Әлімханұлының ағзасынан тыйым салынған мельдоний препараты анықталғаннан кейін, боксшы бір жылға жарыстардан шеттетілген еді. Осыдан соң IBF қазақстандық файтерді чемпиондық белбеуінен айырды. Алайда WBO ұйымы Әлімханұлының титулын сақтап қалып, оны уақытша чемпион Дензел Бентлимен реванш өткізуге міндеттеді.

Sports.kz порталына берген сұхбатында британдық маман WBO шешімін әділетсіз деп атады. Оның айтуынша, дәл қазір нағыз чемпион - Дензел Бентли.

«Жәнібек допингпен ұсталды және ол тиісті жазасын алуы керек. IBF дұрыс шешім қабылдап, белбеуден айырды. Бірақ WBO-ның оны чемпион ретінде қалдыруы түсініксіз. Бұл - боксқа кері әсер ететін үлкен жағдай. Егер чемпиондар допингпен ұсталып, соған қарамастан титулын сақтап қала берсе, онда спорттың әділдігіне күмән туады», - деді Бауэрс.

Сондай-ақ ол Әлімханұлының енді «таза боксшы» ретіндегі беделін қайтара алмайтынын айтты.

«Қандай түсініктеме айтса да, енді ол бұрынғыдай таза спортшы ретінде қабылданбайды. Бұл жағдай оның мансабында мәңгі қалады», - деді британдық маман.

Бауэрстың сөзінше, Бентли тарапы реванш өткізуге толық дайын. Дегенмен олар жекпе-жек алдында қатаң допинг бақылауын талап етпек.

«Біз қарсыласымыздың толықтай таза екеніне көз жеткізгіміз келеді. Сондықтан допинг-тест бұрынғыдан да мұқият жүргізілуі тиіс», - деді ол.

Мартин Бауэрс алғашқы айқастағы жеңіліске де тоқталды. Оның пікірінше, 2022 жылғы Дензел Бентли мен қазіргі Бентлидің деңгейі екі бөлек.

«Сол кезде де Дензел Жәнібекке нокаутпен емес, тек төрешілер шешімімен есе жіберді. Қазір ол әлдеқайда күшейді. Біз реваншта жеңіске жететінімізге сенімдіміз», - деді бапкер.

Сонымен қатар британдық тарап қарымта кездесуді Ұлыбританияда өткізгісі келетінін жасырмады. Бауэрс бұл айқас ірі бокс кешінің басты жекпе-жектерінің біріне айналуы мүмкін екенін де атап өтті.

Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы мен Дензел Бентли арасындағы реванш осы жылдың желтоқсан айында өтуі ықтимал.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам