ЖБ Шоу! #3 Жаңа шығарылым!

ХОК 45 жастағы Мэнни Пакьяоны Париж олимпиадасына қатыстырудан бас тартты

20.02.2024, 12:33

Олимпиадаға 40-тан асқан боксшыларды қабылдамайды

ХОК 45 жастағы Мэнни Пакьяоны Париж олимпиадасына қатыстырудан бас тартты
Фото ашық дереккөзден

Кәсіпқой бокстан 8 салмақта әлем чемпионы болған филиппиндік Мэнни Пакьяоның Париж олимпиадасына қатысам деген үміті желге ұшты. Халықаралық Олимпиада комитеті белгілі спортшыны жасына байланысты Франциядағы ойындарға қатыстырудан бас тартып отыр.

Бүгінде 45 жастағы филиппиндік боксшы ХОК рұқсат берген жағдайда іріктеу турниріне қатысып, Парижде бақ сынамақ ниетте болған. Алайда, бокста спортшының шекті мөлшері 40 жасты құрайды. Осы орайда Олимпиада комитеті ережені өзгертпейтінін мәлімдеді.

«Олимпиадаға қатысамын деген арманым бар еді. Алайда, жасымның асып кетуіне байланысты бұл сынға қатыса алмайтын болдым», - деді Мэнни Пакьяо.

Олимпиадаға бокстан сынға қатысу бойынша бұрын 34 жасқа дейін ғана рұқсат берілетін. Кейін бұл мөлшерді 40 жасқа дейін ұлғайтты. Осылайша Филиппиннің танымал боксшысы Париж олимпиадасын көппен бірге тамашалауға мәжбүр.

Айта кететін жайт, бейтарап ту астында өнер көрсететін Ресей спортшылары Париж олимпиадасына қатысуға өткен жылдың желтоқсан айында рұқсат алған еді. Алайда, ол елдің бокс құрамасы әнұран мен тусыз қатысатын Олимпиадаға бармауы мүмкін. Бұл туралы Ресейдің бокстан бапкерлер кеңесінің басшысы Эдуард Кравцов мәлімдеді.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам