Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

Иван Дычко Zuffa Boxing-тегі дебютінде қарсыласын нокдаунға жіберді

Бүгін, 10:26

Иван Дычко Дана Уайттың жаңа лигасындағы дебютін жеңіспен бастады

Иван Дычко Zuffa Boxing-тегі дебютінде қарсыласын нокдаунға жіберді
әлеуметтік желі

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Иван Дычко UFC президенті Дана Уайт негізін қалаған Zuffa Boxing промоушеніндегі алғашқы жекпе-жегін жеңіспен аяқтады.

35 жастағы қазақстандық былғары қолғап шебері Англияның Борнмут қаласында өткен турнирде өнер көрсетті. Аса ауыр салмақта (90,7 келіден жоғары) өткен кездесуде оның қарсыласы жеңілістің ащы дәмін татып көрмеген британдық Харви Дайкс болды.

Жекпе-жек басталған сәттен-ақ Дычко өзінің басымдығын байқатты. Алғашқы раундта-ақ қазақстандық боксшы қарсыласын нокдаунға жіберіп, айқастың тізгінін толық өз қолына алды. Дегенмен Дайкс кездесуді жалғастырып, он раундқа созылған тартысты жекпе-жекті соңына дейін жеткізді.

Қорытындысында төрешілер жеңісті Иван Дычкоға берді. Екі төреші қазақстандықтың пайдасына 97:92 есебін тіркесе, бір төреші 95:94 есебімен британдық боксшыны жеңімпаз деп таныды. Осылайша Дычко жеңіске жетті.

Қазақстандық спортшы былтыр америкалық Джермейн Франклиннен жеңіліп, кәсіпқой мансабындағы алғашқы жеңілісіне тап болған еді. Енді Иван Дычконың еншісінде 16 жеңіс бар, оның 14-ін мерзімінен бұрын аяқтаған.

Айта кетейік, Иван Дычко 2012 жылғы Лондон Олимпиадасы мен 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасының қола жүлдегері атанған.

Ал Харви Дайкс кәсіпқой рингтегі алғашқы жеңілісіне ұшырады. Бұған дейін британдық боксшы жеті жеңіске қол жеткізіп, бір кездесуді тең аяқтаған болатын.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам