Ол Қазақстан тарихында бірінші болып абсолютті чемпион атануды көздеп отыр
Кәсіпқой бокстан алғашқы орта салмақта WBO және IBF чемпиондық белбеулерінің иесі Жәнібек Әлімханұлы (15-0, 10 KO) Tengri Sport тілшісіне берген сұхбатында қашан абсолютті чемпион болатынын айтты.
Еске салайық, 14 қазанда Жәнібек АҚШ-тың Техас штатында неміс боксшысы Винченцо Гуальтьеримен кездесіп, алтыншы раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
- Сіз Қазақстан тарихында ең бірінші болып абсолютті чемпион болуыңыз мүмкін, сіз осыны сезінесіз бе? Бұл дәрежеге тіпті, Геннадий Головкин де жете алмай кетті.
- Головкин бағындырған биікті басқа қазақстандықтар бағындыра алмайды деп кім айтты? Әр спортшының өз тағдыры, өз жолы бар.
Менен сезінесің бе деп сұраудың қажеті жоқ, оданша нақты уақытын сұраңыз қашан абсолютті чемпион болатын. Мен екі жылда қалған екі титулды жеңіп аламын.
Иә, мен тарихта қаламын, бір адамның істегенін басқа адам да істей алады. Бастысы – сенім. Тәуекелге бел буу керек, барынша дайындалу қажет, – деп жауап берді Жәнібек Әлімханұлы сұхбат барысында.