Қазақстандық боксшы кәсіпқой рингтегі көрсеткішін 3 жеңіске жеткізді
Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов кәсіпқой рингтегі үшінші жекпе-жегінде жеңіске жетті. Қазақстандық боксшы Астанада өтіп жатқан IBA Nomad лигасы ұйымдастырған International Boxing Day турнирінде өнер көрсетті.
Бибосыновтың қарсыласы Намибия өкілі Иммануэль Йозеф болды. Ол – WBO Africa белбеуінің қазіргі иегері және WBA Asia East титулының бұрынғы чемпионы.
Екінші аса жеңіл салмақта (52,1 келіге дейін) өткен жекпе-жек жоспарланған сегіз раундқа созылды. Айқас қорытындысында төрешілер бірауыздан Сәкен Бибосыновты жеңімпаз деп таныды.
Осылайша, қазақстандық боксшы кәсіпқой рингтегі көрсеткішін 3 жеңіске жеткізді. Оның бір жеңісі нокаутпен аяқталған.
Иммануэль Йозеф кәсіпқой бокста тәжірибелі қарсылас саналады. Намибиялық боксшы бұған дейін 18 рет жеңіске жетіп, төрт жекпе-жекте жеңілген және бір кездесуін тең аяқтаған.
Айта кетейік, Бибосынов 2025 жылдың желтоқсанында IBA нұсқасы бойынша әлем чемпионатында екінші рет топ жарып, финалда ресейлік Вячеслав Рогозинді жеңген.