Қытайлықтар 6 салмақта лицензия алуға ниетті
4 наурызда Италияның Бусто-Арсицио қаласында бокстан Олимпиада ойындарына жолдама беретін халықаралық турнир өз жалауын көтереді. Аталған турнирге Қытай құрамасын қазақ боксшысы бастап барды деп хабарлады Азия бокс конфедерациясының баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, бұл жарыста Қытайдан алты боксшы өнер көрсетеді. Аса ауыр салмақтағы (+92 кг) этникалық қазақ Данабек Байғазы да жолдаима үшін таласып көрмек.
«Қытайдың ең үздік алты боксшысы, оның ішінде Сюй Цзычунь мен Данабек Байғазы Бусто-Арсицио қаласында қтетін лицензиялық турнирге қатысады. Сюй Цзычунь құрамадағы жалғыз қыз және ол 57 келіде берілетін небәрі екі лицензияның бірін алу үшін бағын сынайды. Одан бөлек, Чжан Цзямао, Лю Пин, Ван Саньян, Чжао Мэньян да Олимпиадаға қатысудан үмітті. Ал, аса ауыр салмақта өнер көрсететін Данабек Байғазы соңғы бір жарым жылда жақсы прогресс көрсетті. Ол 2023 жылы Әлем чемпионатында ширек финалға дейін жетсе, өткен жылы әлемге танымал бірнеше боксшыны жеңді», - делінген аталған хабарламада.
Айта кетейік, Данабек Байғазы Шыңжаң аймағынан. Қытай ұлттық құрамасында одан бөлек тағы бір қазақ боксшысы Тоқтарбек Таңатқан да өнер көрсетеді.