«Барыс» тағы да «Адмиралға» есе жіберіп, 5:4 есебімен жеңілді

«Барыс» биылғы маусымда «Адмиралдан» екінші рет 4:5 есебімен жеңілді

ХК “Барыс”
ХК “Барыс”

Астананың «Барыс» хоккей клубы ҚХЛ тұрақты чемпионатында Владивостоктың «Адмиралына» қарсы матчта жеңіліп қалды. Кездесу 5:4 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды.

«Фетисов Аренада» өткен ойын қазақстандық команда үшін сәтті басталды. Алтыншы минутта Асанәлі Сәркенов есеп ашса, көп ұзамай Логан Дэй «Барыстың» басымдығын еселей түсті. Алайда бірінші кезең аяқталғанға дейін Данила Моисеев бір шайба соғып, есеп айырмасын қысқартты.

Екінші кезеңде командалар нәтижелі ойын өрнегін көрсетті. «Адмирал» таразы басын теңестіргеннен кейін Әлихан Өмірбеков «Барысты» қайта алға шығарды. Бірақ Константин Лучевников пен Борна Рендуличтің қатарынан соққан екі шайбасы алаң иелеріне кезеңді 4:3 есебімен аяқтауға мүмкіндік берді.

Үшінші кезеңде ҚХЛ-дың үздік сұрмергені Джастин Бэйли сан басымдығын сәтті пайдаланып, есепті теңестірді. Бұл америкалық шабуылшының тұрақты чемпионаттағы 13-ші шайбасы болды. Оның еншісінде 10 нәтижелі пас та бар.

Алайда матчтың аяқталуына екі минут қалғанда Григорий Ващенко «Адмиралға» жеңіс сыйлаған шайбаны соқты. Қорытынды есеп — 5:4.

Айта кетейік, бұл матчта Қазақстан құрамасының екі қақпашысы да өнер көрсетті. «Барыстың» қақпасын Андрей Шутов қорғаса, «Адмирал» сапында астаналық клубтың бұрынғы қақпашысы Никита Бояркин ойнады. Кездесуге дейін Бояркин ҚХЛ-де 90 минут 37 секунд бойы шайба жібермеген еді.

Осылайша, «Барыс» биылғы маусымда «Адмиралдан» екінші рет 4:5 есебімен жеңілді. 21 қазанда өткен алғашқы кездесуде де Владивосток клубы басым түскен, алайда ол жолы жеңімпаз овертаймда анықталған болатын.

Астаналықтар үшін бұл — «Трактордан» кейінгі қатарынан екінші жеңіліс. Енді команда тоғыз матчтан тұратын сырт алаңдағы сериясын соңғы кездесумен аяқтайды.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам