Жәнібек Әлімханұлының чемпиондық жекпе-жегін промоутерлік сауда шешеді
Жәнібек Әлімханұлы мен екінші орта салмақтағы WBO чемпионы Хамза Шираз арасындағы жекпе-жекті өткізу құқығына арналған промоутерлік сауда 16 қыркүйекте өтеді.
WBO Жәнібекті міндетті үміткер ретінде бекіткеннен кейін екі боксшының командасына 10 қыркүйекке дейін келісімге келуге уақыт берген. Алайда тараптар ортақ мәмілеге келе алмады.
Енді жекпе-жекті ұйымдастыру құқығы Пуэрто-Рикодағы WBO штаб-пәтерінде өтетін жабық аукционда анықталады. Ең жоғары жүлде қорын ұсынған промоутер бокс кешін өткізу құқығына ие болады. Сауданың бастапқы бағасы — 300 мың доллар.
WBO ережесі бойынша боксшылардың алатын үлесі жекпе-жектің өтетін жеріне байланысты өзгереді. Егер кездесу Ұлыбританияда немесе Сауд Арабиясы секілді бейтарап аумақта ұйымдастырылса, Шираз жүлде қорының 75 пайызын, ал Әлімханұлы 25 пайызын алады.
Ал жекпе-жек Қазақстанда өтсе, қаражаттың 80 пайызы чемпионға, 20 пайызы міндетті үміткерге беріледі.
Хамза Шираз промоутерлер ұсынатын қаржы көңілінен шықпаса, WBO белбеуінен бас тартуы мүмкін екенін де мәлімдеген. Сондықтан сауда нәтижесі жекпе-жектің өтетін орны мен боксшылардың гонорарын ғана емес, чемпиондық белбеудің тағдырын да шешуі ықтимал.
Жәнібек Әлімханұлы бұған дейін орта салмақта өнер көрсеткен. Кейін екінші орта салмаққа ауысып, WBO рейтингінде бірінші орынға көтерілді және Шираздың міндетті қарсыласы атанды.