Тараптар трилогияны ұйымдастыру жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр
Дмитрий Бивол мен Артур Бетербиев арасындағы үшінші жекпе-жек 2027 жылдың сәуірінде Ресейдің Челябі қаласында өтуі мүмкін.
RCC Boxing компаниясының басшысы Герман Титовтың айтуынша, тараптар трилогияны ұйымдастыру жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. Жекпе-жекті жаңадан ашылатын «РМК Аренадағы» алғашқы ірі бокс кешінің басты оқиғасы ретінде өткізу жоспарланған.
«Бивол мен Бетербиевтің үшінші кездесуін Ресейде өткізуге әбден болады. 2027 жылдың сәуірінде RCC Boxing турнирі аясында ұйымдастыру жөнінде келіссөздер жүргізілді», — деді Титов.
Промоутер трилогияны 2026 жылдың желтоқсанында өткізу мүмкіндігі де қарастырылғанын айтты. Алайда мұндай жағдайда Бивол WBO белбеуінен айырылуы ықтимал еді. Сондықтан оның командасы алдымен міндетті қарсыласымен кездесіп, чемпиондық атағын сақтап қалуды жөн көрген.
Бивол 12 желтоқсанда Екатеринбургте британиялық Каллум Смитке қарсы WBO белбеуін қорғайды. Бұл жекпе-жектің нәтижесі Бетербиевпен өтетін үшінші кездесудің ұйымдастырылуына тікелей әсер етуі мүмкін.
Бивол мен Бетербиев алғаш рет 2024 жылдың қазанында кездескен. Онда Бетербиев төрешілердің басым дауысымен жеңіске жетіп, жартылай ауыр салмақтағы барлық негізгі чемпиондық белбеуді біріктірді.
2025 жылдың ақпанында өткен қарымта кездесуде Бивол төрешілер шешімімен басым түсіп, есесін қайтарды. Осылайша, екі боксшы арасындағы есеп 1:1 болып тұр.