WBO белбеуі үшін айқас: Жәнібектің екі қарсыласы белгілі болды

Хамза Шираз 18 қыркүйекте Жәнібек Әлімханұлымен міндетті жекпе-жек өткізуден бас тартты

Әлеуметтік желі
Әлеуметтік желі

Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы екінші орта салмақтағы бос қалған WBO чемпиондық белбеуі үшін Диего Пачеко немесе Джейкоб Бэнкпен жұдырықтасуы мүмкін.

Бұл туралы британдық бокс журналисі Эшли Фиссенден мәлімдеді. Оның болжамынша, WBO рейтингінде бірінші тұрған Әлімханұлына екінші және үшінші орындардағы боксшылардың бірі қарсылас болуы ықтимал.

«Белбеу бос қалғандықтан, Жәнібекке екінші орындағы Диего Пачекомен немесе үшінші сатыдағы Джейкоб Бэнкпен жекпе-жек өткізу міндеттеледі деп ойлаймын», — деп жазды журналист әлеуметтік желіде.

25 жастағы Диего Пачеко кәсіпқой рингте 26 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 19 кездесуі нокаутпен аяқталған. Бойы 193 сантиметр болатын америкалық боксшы WBC Silver белбеуін иеленіп отыр.

Пачеко бұған дейін бос тұрған WBO чемпиондық атағы үшін Хамза Ширазбен жұдырықтасуға тиіс болған. Алайда америкалық спортшы бұл кездесуден бас тартқан еді.

Даниялық Джейкоб Бэнк те кәсіпқой мансабында жеңілген емес. 25 жастағы боксшы 20 жекпе-жектің барлығында жеңіске жетіп, 11 қарсыласын мерзімінен бұрын тоқтатқан. 2026 жылғы қаңтарда ол IBF тұжырымы бойынша бұрынғы әлем чемпионы Уильям Скаллды 12-раундта нокаутқа түсірді.

Хамза Шираз 18 қыркүйекте Жәнібек Әлімханұлымен міндетті жекпе-жек өткізуден бас тартып, WBO белбеуін өз еркімен босатты. Енді чемпиондық атақтың тағдырын ұйымның Чемпиондық комитеті шешеді.

Әзірге WBO Жәнібектің бірден чемпион атанатынын немесе бос белбеу үшін басқа үміткермен жұдырықтасатынын ресми түрде жариялаған жоқ. Сондықтан Пачеко мен Бэнктің кандидатуралары әзірше журналистің болжамы саналады.

Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокста 17 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Қазақстандық боксшы 12 қарсыласын нокаутпен ұтқан.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам