Зауырбек пен Ингленд арасындағы жекпе-жек 26 қыркүйек, сенбі күні өтеді
Қазақстандық боксшы Сұлтан Зауырбек (20-0, 13 КО) австралиялық Джексон Инглендпен (19-3, 10 КО) өтетін жекпе-жек алдында салмақ өлшеу рәсімінен өтті.
Зауырбектің салмағы 58,82 келі болды. Ал оның қарсыласы таразыда 58,73 келі көрсетті. Екінші жеңіл салмақтың шекті межесі – 58,97 келі. Осылайша, қос боксшы да белгіленген талапқа сай салмақ көрсетті.
Салмақ өлшеуден кейін Зауырбек пен Ингленд дәстүрлі көз арбасу рәсімін өткізді.
Қазақстандық боксшы жекпе-жек алдында әлеуметтік желідегі парақшасында өз ойымен бөлісті.
«Бір жыл күткен жекпе-жекке бір қадам қалды. Барлық дайындық, барлық қиындық — осы күн үшін. Енді салмақ емес, жекпе-жек. Алла қаласа, ертең рингте барымды саламын. Қолдауларыңызға рахмет!» — деп жазды Сұлтан Зауырбек.
Зауырбек пен Ингленд арасындағы жекпе-жек 26 қыркүйек, сенбі күні Аустралияның Квинсленд штатында өтеді. Кездесу іріктеу жекпе-жегі мәртебесіне ие. Оның жеңімпазы IBF нұсқасы бойынша екінші жеңіл салмақтағы әлем чемпионы атағына міндетті үміткер атанады.
Қазіргі таңда бұл салмақта IBF чемпионы — мексикалық Эмануэль Наваррете (40-2-1, 33 КО).