«Адамес белбеуден бас тартады»: Мейірім Нұрсұлтановтың жекпе-жегіне болжам айтылды

Украиналық журналист Адамес - Нұрсұлтанов жекпе-жегі өтетініне күмәнмен қарады

әлеуметтік желі
әлеуметтік желі

WBC ұйымы орта салмақтағы әлем чемпионы, доминикандық Карлос Адамеске Қазақстан боксшысы Мейірім Нұрсұлтановпен жекпе-жек өткізіп, титулын қорғауды міндеттеді.

Бұған дейін Нұрсұлтанов уақытша чемпиондық белбеу үшін америкалық Хесус Рамоспен жұдырықтасуы керек болған. Алайда америкалық боксшының сырқатына байланысты кездесу өтпей қалды. Айта кетейік, Нұрсұлтанов 2023 жылдан бері жекпе-жек өткізбегенімен, WBC рейтингінде міндетті үміткер мәртебесін сақтап қалды.

Sports.kz порталы белгілі украиналық журналист, vRINGe.com сайты бас редакторының орынбасары Святослав Осиповпен сөйлесіп, Нұрсұлтанов пен Адамес арасындағы жекпе-жектің өту мүмкіндігі туралы пікірін білді.

«Бұған назар аударған жөн. Бірнеше жыл бойы үміткерлерді созбалаңға салып келген WBA мен WBC кенеттен бірқатар даулы мәселені шешіп жатыр. Адамес - Нұрсұлтанов, Мунгия - Меликүзиев, Лопес - Кэттеролл секілді жекпе-жектер белгіленді. Не болып жатқанын нақты білмеймін. Мұның Zuffa Boxing жобасымен және Али актісіне енгізілген өзгерістермен байланысты болуы мүмкін деп болжаймын. Бірақ сахна сыртында қандай да бір қозғалыстар жүріп жатқаны анық. Ұйымдар алдағы уақытта тәртіпке келіп, өз міндеттерін орындауға көбірек көңіл бөлетін сияқты. Мұны бұрын еленбей келген боксшылар үшін «мүмкіндіктер терезесі» деп атауға болады. Нұрсұлтанов та солардың қатарында», - деді Осипов.

Украиналық журналист боксшылардың қарсылас таңдауы мәселесіне де тоқталды.

«Жанкүйерлер UFC-ді спортшыларға дұрыс қарамайды, келісімшарттары тым қатаң деп жиі сынайды. Ал бокста чемпиондар ыңғайсыз қарсыластардан қашу үшін белбеулерінен бас тарта бастағанда, сол жанкүйерлер таңғалады. Өздеріңіздің не қалайтындарыңызды анықтап алыңыздар: нағыз спортшылар ма, әлде бизнесмендер ме? Боксшыға қарсыласын таңдауға мүмкіндік беріп, сонымен бірге оның ең мықты әрі қауіпті қарсыластармен шығуын талап ету мүмкін емес», - деді ол.

Осиповтың пікірінше, Адамес Нұрсұлтановпен жекпе-жекке шықпай, чемпиондық белбеуінен бас тартуы мүмкін.

«Мен Адамес - Нұрсұлтанов жекпе-жегі өтетініне сенбеймін. Карлос белбеуден бас тартады деп ойлаймын. Оның үстіне, ол суперорта салмаққа ауысатынын жариялап, Жәнібек Әлімханұлы туралы тағы айтты. Меніңше, Мейірім мен Хесус Рамос бәрібір екінші рет кездесіп, кімнің мықты екенін анықтайды. Бұл жолы жекпе-жек толыққанды әлем чемпиондығы үшін өтуі мүмкін. Мен әлі де Рамосты фаворит санаймын. Ол мен Вёрджил Ортис - әлем чемпионы атанбаған, бірақ бокста өз деңгейін дәлелдеген ең мықты екі боксшы деп есептеймін», - деді журналист.

Сонымен қатар Осипов Нұрсұлтановтың Рамоспен ықтимал жекпе-жегі тартысты өтуі мүмкін екенін атап өтті.

«Нұрсұлтанов өзін жақсы қырынан көрсетеді деп үміттенемін. Стиль тұрғысынан Мейірім мен Хесус жылдың ең тартысты жекпе-жектерінің бірін өткізе алады деп шын сенемін. Егер Нұрсұлтанов күтпеген нәтиже көрсетсе де, таңғалмаймын. Жекпе-жек аптасында Рамос пен DAZN Boxing командасының Нұрсұлтановқа ерекше назар аударғанын байқадым. Меніңше, Мейірімнің мүмкіндігі де осында», - деді Святослав Осипов.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам